«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза қала – дені сау қоғам» акциясы өткізілді

15

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында «Таза қала – дені сау қоғам» тақырыбында экологиялық акция ұйымдастырылды.

Тұрар Рысқұлов атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағы – Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары жиі демалатын, қала тынысын айқындайтын маңызды мәдени-сауықтыру орындарының бірі. Саябақ аумағында жасыл желектер, демалыс орындары, серуендеу алаңдары орналасқан. Мұнда қалалық мәдени іс-шаралар, мерекелік бағдарламалар, экологиялық акциялар мен қоғамдық бастамалар өткізіліп тұрады. Сондықтан кешен аумағын абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Экологиялық акцияға қала жастары, еріктілер және жастар ұйымдарының өкілдері белсенді қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар кесене аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қураған ағаштар мен тұрмыстық қалдықтарды жинады.

Игі бастамаға ұйытқы болған Тараз қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға, қала тазалығын сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.

– Тазалық – айналамызды ретке келтіру ғана емес, ол адамның табиғатқа, туған жеріне деген көзқарасының көрінісі. Бүгін Тұрар Рысқұлов атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған сенбілікке қатысқан әрбір азамат қаламыздың көркеюіне өз үлесін қосты. Экологиялық мәдениет күнделікті әдеттен, қарапайым әрекеттен басталады. Егер әрқайсымыз қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарасақ, таза әрі жайлы қала қалыптастыруға бірге қол жеткіземіз», – деді Азамат Лесбек.

Акцияға 100-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Нәтижесінде орталық саябақ аумағынан 3 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, мәдени-сауықтыру орындарының айналасы тазартылды.

Айта кету керек, осындай экологиялық шаралар облыстың бірқатар аудандарында ұйымдастырылып, еріктілер мен жастар ауыл көшелерін, өзен жағалауларын, орталық саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізді.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындарда тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрғындардың табиғатқа жанашырлықпен қарауына, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуына ықпал ететінін атап өтті.

Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін өңірде 48,5 мың жасыл желек отырғызылып, 3,5 мың шақырым көше жолдары тазартылды. Сондай-ақ 831 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтіріліп, 685,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 6,1 мың жуық тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай шаралар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын нығайтуға зор үлес қосуда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.