ТАЗА АУА – ТАЗА АУЫЛ

64
Мойынқұм өңірінде табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы игі істер үздіксіз жалғасуда. Соның бір дәлелі – «Таза Қазақстан» атты акция аясында өткен ағаш отырғызу сенбілігі. Бұл күні ауданның әр аумағында елге көрік, жерге тыныс беретін жасыл желектер отырғызылды. Жалпы аудан бойынша 4 500 түп ағаш егілсе, соның 700-і Мойынқұм ауылының өзінде жерсіндірілді.
Тек Мойынқұм ауылының өзінде акцияға 200-ден аса адам қатысып, олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, түрлі мекеме мен ұйым қызметкерлері, ауыл тұрғындары және белсенді жастар болды. Әр ұжым өз көшесін көгалдандырып, туған жердің көркін арттыруға, экологиялық ахуалын жақсартуға шын ықыласпен үлес қосты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді қазақ. Бұл сөздің мәні бүгінгі ұрпақтың табиғатқа деген қамқорлығын айқын көрсетеді. Бір түп ағаш – бір тамшы тыныс, ал мыңдаған ағаш – елдің ертеңі, ұрпақтың амандығы. Сол себепті Мойынқұм халқы соңғы жылдары көгалдандыруға ерекше назар аударып келеді.
Ауданның табиғаты шөлейт аймақ болғандықтан, мұнда көбіне табиғатқа төзімді, құм мен желге қарсы тұра алатын ағаш түрлері егіледі. Әсіресе сексеуіл егу жұмысы жолға қойылған. Сексеуіл – тек ағаш емес, шөлдің қалқаны, топырақтың қорғаны. Жел ұшырып, құм көші басталатын жерлерде дәл осы ағаштың арқасында табиғи тепе-теңдік сақталып отыр. Сондықтан мойынқұмдықтар сексеуілді ерекше құрмет тұтады.
Жыл сайын көктем мен күз айларында аудан көлемінде ағаш отырғызу дәстүрге айналған. Мектеп оқушылары, жастар ұйымдары, кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар табиғатты көркейтуге атсалысып келеді. Көшелердің бойы мен саябақтарда, мекеме аумақтарында қарағаш, терек, жиде секілді ағаштар көктеп тұр. Бұл – елдің табиғатқа деген сүйіспеншілігінің, ұжымдық еңбектің жемісі.
«Жерге еткен еңбек – елге еткен жақсылық» дейді дана халық. Бүгін егілген әр түп ағаш ертең ауылдың ажарын ашады, келешек ұрпаққа көлеңке, тыныс, өмір сыйлайды. Сондықтан мұндай сенбіліктер тек еңбек күні емес, елдің ынтымағы мен жауапкершілігін көрсететін мерейлі шараға айналып отыр.
Мойынқұмның кең даласында жел ескенмен, адам қолымен егілген жасыл желек бар жерде өмір де, үміт те бар. Осылайша аудан тұрғындары табиғатты аялаудың, туған жерге жанашырлықпен қараудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Айдос ҚОСЫБАЙ,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.