Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта бір отбасының 9 мүшесі болған.
Еске салайық, бүгін, 29 желтоқсанда Бангкоктан Оңтүстік Кореяның Муан қаласына ұшқан Jeju Air Boeing 737-800 ұшағы Муан әуежайына қону кезінде апатқа ұшырағанын хабарлаған едік. Ұшақ апаты жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:07-де болған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан асып түсіп, қоршауға соғылып, өрт шықты.
Бортта 181 адам болған. Олардың екеуі аман қалды — олар ұшақ экипажы мүшелері болып шықты, бір әйел және бір ер адам. Олар орташа және ауыр жарақат алып, ауруханаларға жеткізілді. Жергілікті биліктің алдын ала мәліметі бойынша, ұшақтағы жолаушылар арасында қазақстандықтар болмады.