ТӘТТІБАЙ ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

82
Ауданымызда Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Мешіттің ашылу салтанатына Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, Қоғамдық кеңестің төрағасы Ә.Үркімбаев, аудан имамы Ғ.Қонақбаев, Жуалы мешітінің бас имамы С.Медетбеков, ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен имамдары қатысты.
Мешіт ашылуының алдында ас таратылып, құран оқылды. Жүргізуші Нұғман Сүлетай мұсылман жұршылығына қызмет ететін құтты да берекелі іс-шараға атсалысушыларға кезегімен сөз тізгінін ұсынып отырды. Тағылымды шараға қатысқан қонақтар сөз сөйлеп, мешіттің ашылуымен құттықтады. Алла үйінің ашылуына жылы лебізімен ақ тілегін ала келген қонақтарға ұйымдастырушылар атынан сый-сияпаттар тарту етілді.
Шақпақ ауылдық округінің әкімі Пашенов Затыбек Ержанұлы әкімдік тарапынан мешіт нысанына сый жасап, округ әкімінің Алғыс хатымен Б.Жалғасбаевты, Қ.Әбдіқұловты, М.Сәрсеновты марапаттады.
Sapar Like тур агенті компаниясының басшысы Әлтиев Қасымбек жаңа мешіттің имамына «Умраға жолдама» тарту етті.
Ауыл ақсақалдары мешіттің лентасын қиып, нысанның қолданысқа берілуін қуанышқа балады. Жиылған жамағат бесін намазын жаңа мешітте оқыды.
Игі шараның жалғасы спорт ойындарымен жалғасты. Ауыл жастары қошқар көтеру, гір тасын көтеру, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындармен бақ сынасты. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Жуалы ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.