Ташкенттегі энергетикалық трагедия: Қазақстанға Өзбекстаннан жеткен дабыл

115

Астана Ташкенттің мұнай-газ саласында жіберген қателігінен сабақ алуы тиіс. Көрші елдегі энергетика саласының құлдырау тарихы бізге ескерту болуы керек. Сала сарапшысы Руслан Туматов осы мәселені терең талдап, Өзбекстандағы жағдайдан ащы мысал келтірді.

2010 жылдардың екінші жартысында Руслан Туматов Өзбекстанның химия өнеркәсібіндегі жекешелендіру процестеріне қатысып, елдегі газ-химия саласының қарқынды дамуына куә болған екен. Сол кезде Өзбекстанның мұнай-газ секторындағы ірі жобалар мен қарқынды бұрғылау жұмыстары кәсіби ортада қызғаныш пен таңданыс тудырған.

«Бұрғылау қарқыны, алып тау-кен химия комбинаттарының іске қосылуы, қомақты бюджеттер кәсіби тұрғыдан шабыттандыратын. Тіпті көршілер газ-химия саласында мәңгілік қозғалтқыштың формуласын тапты ма деген ой туындағаны рас. Бірақ осы экономикалық серпіліске қатысып, қазақстандық компанияларды қызмет көрсетуге тартуға тырысқанымда, күтпеген қарсылыққа тап болдым», – дейді сарапшы.

«Өзбекмұнайгаз» қалай құлдырады?

Туматовтың айтуынша, жергілікті кәсіпорындар шетелден келген заманауи технологиялар мен бәсекеге қабілетті сервистерден бас тартқан. Ал ірі жобаларға тартылған инвестициялар мақсатсыз жұмсалып, нәтижесінде өндіріс күрт төмендеген. Мәселен, 2025 жылы мұнай өндіру көрсеткіші бірден 8%-ға құлдыраған. Газ өндірісі болса, сол жылы 2,4%-ға артқанымен, мамандар бұны ұзақмерзімді құлдырау алдындағы қысқамерзімді өсім деп санайды. Қос саладағы басты проблема негізгі кен орындарының сарқылуы.

Осындай жағдайда Өзбекстанның мұнай-газ алыбы «Өзбекмұнайгаз» қарызға белшесінен батып, энергетикалық тәуелсіздігін кредиторлардың сыртқы басқаруына беруге мәжбүр болған.

«Кешегі қарқынды даму иллюзиясы қазір ұзаққа созылған дағдарысқа ұласты. Саланың болашағы бұлыңғыр болғандықтан, сыртқы кредиторларға толық тәуелді болып, қаржы құтқару операциясына көшті», – дейді сарапшы.

«ҚазМұнайГаз» бұдан сабақ алуы тиіс пе?

Туматов Қазақстанның мұнай-газ саласы дәл осындай қатерлерге тап болмауы үшін қазірден нақты қадамдар жасалуы керектігін ескертеді. Әсіресе, елдің қолайлы ресурс базасы мен ірі халықаралық серіктестерінің болуы жағдайды жеңілдетеді. Дегенмен «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұзақмерзімді, ашық даму бағдарламасын әзірлеуі тиіс. Үкімет те саланы реформалап, ішкі нарықты либералдандыруы, техникалық базаны жедел модернизациялауы және қорларды толықтыру үшін шетелдік экспансияны күшейтуі қажет.

Сондай-ақ, сарапшы ҚМГ-ні негізгі қызметінен алшақтататын әлеуметтік міндеттемелерден босатуды ұсынады.

«Менеджменттің шығындарды қысқартып, табысты көбейтуге ұмтылуы орынды. Әрине, қазір қиын кезең, бірақ дағдарыс жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Қаржы жеткілікті болса, жаңа жобалар мен кен орындарын сатып алып, ішкі трансформация жасауға қолайлы уақыт дәл осы», – дейді Туматов.

Айта кетейік, бүгінде «Өзбекмұнайгаз» компаниясы қарыздарын қайта құрылымдап, газ өндірісін арттыру мақсатында кең ауқымды трансформациядан өтіп жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан үкіметі компанияға өндіріс шығынын азайтып, тиімділігін арттыруды және қаржылық жағдайын жақсартуды міндеттеген.

Бұған дейін Ташкентте өткен алқалы отырыста президент Тоқаев Орта Азияны дамытудың тың жоспарын ұсынған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.