Бауырлас Өзбекстан мемлекетінің астанасында Ұлы Абайдың туған күні тұңғыш рет кең ауқымда тойланып жатыр. Айтулы шараға Шығыс Қазақстан өңірінен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бастаған арнайы делегация қатысуда, – деп хабарлайды «08info.kz» ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Өзбек елінде Абайды ұлықтау, оның әдеби мұрасын жұртқа насихаттау жұмыстары наурыз айында басталып кеткен екен. Оған қос мемлекет басшыларының өзара ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісімдері серпін берсе керек. Осы келісім аясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев арнайы Қаулы қабылдаған. Сол қаулы негізінде биыл Өзбекстан бойынша Абай жылы жарияланыпты.
Ташкент төріндегі салтанатты шара Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің, Өзбекстан Республикасының ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Рустам Курбановтың, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен өтті.
Ұзындығы 3 шақырымға жетеқабыл Абай көшесінің басында қасқайып Ұлы Абайдың ескерткіші тұр. Оның артында төбесіне көк күмбез төңкерілген Қазақстан елшілігінің еңселі ғимараты бар. Ташкенттіктер оны Өзбекстандағы ең үлкен елшілік ғимарат деп сипаттады бізге. Ескерткіш алдына ел таңғы сағат 8.00-ден жинала бастады. Арасында қазақша қауқылдасып жатқан қарттар да жетерлік.