Осы жылғы 5 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінің №147 санында Тараз қаласына қарасты бірқатар ауыл мен саяжай алқаптарында көгілдір отын, қоғамдық көлік, көше атаулары және жол мәселесін көтерген «Шағын ауданның шындығы» атты материал жарияланған болатын. Осы мәселеге орай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жиын өткізіп, тиісті басшыларға шағын аудандағы мәселелерді шешу үшін тапсырма берген еді. Нәтижесінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай хат жолдап, мәселелердің ретімен шешіліп келе жатқанын айтты.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Тараз қаласындағы «Шөлдала» алқабына газ құбырын жақындату құрылысына 2017 жылы республикалық бюджеттен 623,2 млн теңге, облыстық бюджеттен 61,3 млн теңге, барлығы 682,2 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Монолит-Дизайн» ЖШС. Жауап хатта құрылыс-монтаждау жұмыстары 2017 жылдың 1 сәуірінде басталып, 31 шілдесінде аяқталғаны және газ құбырының ұзындығы 24,355 шақырым екені жазылған.
– «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-абад» және 28 саяжай алқаптарының ішкі орамдық таратушы желілерінің құрылысы» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 2018 жылы қалалық бюджеттен 9,0 млн теңге бөлінген. Қазіргі уақытта алғашқы деректер қоры жинастырылуда. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін республикалық бюджетке құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыруға өтінім жолданатын болады. Сонымен қатар тұрғындар тұтынылған электр энергиясына заңды тұлға ретінде қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 22,27 теңгеден төлем жүргізіп келеді. Жеке тұлғалар үшін бекітілген тариф көлемі қосымша құн салығын есепке алғанда 1 кВт сағат үшін 14,95 теңге болып бекітілген. Электр энергиясын пайдалану бойынша ай сайынғы төлем жеткізуші ұсынған шот-фактура негізінде жүргізілуде. Саяжай тұрғындары электр энергиясын кооперативтің электр желілерінен алып отырғандықтан, электр энергиясының ақысын кооперативке төлеп отыр, – дейді Кенжебек Олжабай.
Мақала жазу барысында шағын аудан тұрғындарымен кездескенімізде, олар қоғамдық көлік мәселесін айта келіп, қалаға күн сайын қатынау қиындық туғызып отырғанын жеткізген еді. Бұл орайда қала әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар қолға алынған. Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда «Құмшағал» алқабына №54 автобус бағыты 8 кестемен, жүру аралықтары 20-22 минуттан жергілікті халыққа қызмет көрсетуде екен.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Химик, Ветеран саяжайларынан бастап Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған алқаптары арқылы мөлтек аудандарға, №1 қалалық ауруханаға қатынайтын №61 автобус бағытының қызметін ұйымдастыру жөнінде конкурс өткізіліпті. Бағыттың жүру кестесі жергілікті тұрғындармен келісіліп, бүгінде бағыт таңғы мезгілде үздіксіз қатынауда. Қазан айынан бастап жолаушылар ағымының көбеюімен аталған бағытқа қосымша кесте сандарын қосу да жоспарланыпты. Сонымен қатар тұрғындар бір атаудың бірнеше жерде кездесетінін, тіпті жедел жәрдем көлігінің өзі берілген мекенжайды таппайтынын айтқан еді. Бұл орайда Кенжебек Олжабай Тараз қаласындағы саяжай алқаптары, саяжай кооперативтері, гараждық кооперативтердегі қайталанатын 225 көше, 1 шағын аудан бойынша Үкіметтің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес жұмыстар жүргізіліп, республикалық ономастика комиссиясының 2017 жылғы 27 қарашадағы оң қорытындысына ие болғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл мәселе Жамбыл облысы әкімдігі мен Жамбыл облыстық мәслихатының қарауына енгізілген. Аталған көшелердің аншлагтарын жаңалауға қалалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлініп, бірлескен қаулы және шешім шыққан жағдайда аншлагтарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
– Ауызсу қорын анықтау үшін инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Құмшағал» су бөгеті ғимаратын қайта жаңғырту және «Шөлдала» алқабына сорғы стансасымен жаңа су бөгеті ғимаратының құрылысын жүргізу жұмыстары қарастырылуда. Осы шаралар аяқталғаннан кейін «Шөлдала» мен «Құмшағал» алқаптарын сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. 2019-2021 жылдары аталған желілердің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Ал 2018 жылдың 15 тамыз күні аталған аумақтың тұрғындарымен қала әкімдігінің мамандары жиналыс өткізіп, көтерілген мәселелер бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – дейді Кенжебек Олжабай.
Хамит ЕСАМАН,
egemen.kz