Тараздағы қос өзен: Талас пен Аса кәдеге жараса…

1 871

Қаланың сұлу да әсем келбеті адамдардың жанын жадыратады, көркін ашып, мәдениеті мен мінезіне де әсер етеді. Біздің жасыл желекке оранған жылы шуақты, тарихта таңбасы қалған көне қаламыз Тараз да өзіндік сипаты, рухани статусы, ажары бар шаһар ретінде көпке белгілі.
Облыс орталығының күннен-күн­ге сән-салтанаты сан түрге еніп, ба­ғына қарай гүлденіп келе жатқа­нына көзіміз куә. Аймақ бас­шысы Асқар Мырзахметовтің қала­мызды көріктендіріп, ел қызығып қарайтұғын, туристер үшін де тартымды орта жа­сау­ға деген талпынысы қоғам бо­лып қолдайтын іс. Тек, ел игілігіне бе­рі­летін дүниелер сапалы, өміршең болып шықса деп тілейсің. Қаланы көрік­тен­ді­ру барысында небір жақсы идеялар жүзеге асып, нәтижесінде сәулетші шеберлердің үздік туындылары танылса екен дейсің.

Осы ретте, біз де өз тарапымыздан қаламыздың ажарын арттыру бары­сын­да пайдасы тиер деген мақсатпен ой бөлісіп, стратегиялық мазмұны бар идея­ларды ортаға салғанды жөн көріп отыр­мыз. Ол дегеніміз кез кел­ген қаланың көркін ашатын, табиғи ландшафтағы басты көрінісін сұлу ететін өзен, көл сияқты су айдын­да­ры­ның орын алу жағдайы. Себебі жер жаһанға мәшһүр Париж, Будапешт, Мәскеу, Лондон, Вена сияқты көптеген қалалардың көркін ашып тұрған өзен-көлдері әлем қалаларының сәулеттік көркемдік өнеріндегі маңызды нысандардың бірі ретінде, мәдениеттің ерекше үлгілері болып табылады. Қаланың қақ ортасының бірнеше жерінен қиып өтіп жатқан өзендер адам көңіліне қандай күй, қуаныш сыйлап тұратынын сезінудің өзі не тұрады.

Шүкір, сондай өзен-көлдері бар қалалар біздің елде де жетерлік. Оған мысал ретінде Елордамыз Астана, Атырау, Павлодар, Семей, Орал сияқты Ұлы Дала шаһарларын еске түсірсек болады. Әсіресе, өзім көрген Атыраудағы Жайық өзенінің қала ортасын бірнеше жерден ирелеңдеп қиып өтіп жатқан ақырын ағысты толқындары қандай ғажайып. Қала ішінде өзеннің екі жақ бетіне өтетін жеті бірдей үлкен көпір жасалған. Олардың арасында тек жаяу жүрушілерге арналған көпір де бар. Ол Азиядағы ең ұзын, үлкен көпір болып саналады екен. Ал, жағалауда күндіз-түні серуендеп жүрген жастар, жергілікті тұрғындар қала өмірінің тірі тіршілігін көрсетеді. Кеш батып, қараңғы қоюланғанда өзеннің жағалауында самаладай жанған түрлі жарықтар, көпірлерде қойылған түрлі-түсті шамдар, олардың суға шағылысқан сипаттары, ерекше көркем, қаланың сұлулығын ертегіге айналдырып тұрғанына куә боласыз.

Міне, сондай әсем де әдемі көріністер біздің Тараз қаласында да болса ғой деп қиялдап кетесің. Неге қиялдамасқа?! Себебі, тотыдай таранған Таразды осылай түрлендіруге мүмкіндігіміз жоқ емес. Әрине, қала ішінде жазда шомылып демалатын «Зербұлақ» атты кішігірім көлшік бар. Оның жағалауы бүгінде заман талабына сай жөнделіп, дұрысталып жатыр. Ал, жалпыға тән, қаланың көрік ауқымын паш ететін бұндай көлдерге қарағанда, қаламызда өзендердің де болғаны дұрыс қой деген ойлар да бұл мәселеде толғанған адамды мазалауы тиіс. Соған орай, біздің болашаққа қарап айтпақ жалпы стратегиялық жоба мазмұнындағы идеямыз төмен­дегідей.

Қаламыздың ішіндегі шығыс жақ бетінде тарихтан елге мәлім «Талас» өзені ағып жатса, батысында тура сондай «Аса» өзенінің арнасы бар. «Аса» өзені туралы айтып отырғанымыз болашақта қаламыздың шекарасы сол аумаққа қарай кеңіп, «Айша бибі» ауылы да қалаға қосылса деген тілек, ойымызды айтқымыз келеді. Ал, «Талас» өзені қала ішінің әр тұсында бөлініп, тарамдалып ағып жатқаны белгілі. Суының ағысы қатты. Әйтсе де негізгі үлкен арнасы «Қызыл жұл­дыз» бен «Қазақ» ауылы, «Қант зауы­ты­ның» арасын бөліп жатыр. Осы өзеннің батыс жақ жағалауындағы авто­бе­кет­ке дейінгі созылып жатқан жазық­қа биік, зәулім үйлер, ықшам­ау­дан соғылады деп күтілуде. Ал, өзеннің шығыс жақ бетін алып жатқан «Қазақ» және «Қант зауыты» ауылы көне шаһарға тиіп тұр. Міне, «Талас» өзенінің осы тұсындағы көрініп жат­қан кеңістіктегі арнасын кеңейтіп, ауқымын ашып, суын молайтып, жөндеу мәселесін іске асырса дейміз. Бұл тұста өзен арнасы мен жиегі әртүрлі деңгейде, орталарында қоға шөптер өскен аралды қайырлары көтеріліп, суының жұлым-жұлымы шығып, түбі таяз болып ағып жатқан жайы бар. Бұл тұстағы өзеннің басы «Тектұрмас» жақтан келіп жатса, аяғы негізі қалаға кіретін тасжол бойындағы көпірді кесіп өтіп теріскей жақтағы Сарыкемер ауылына қарай бет алып жатыр. Міне, осы аумақты икемдеп алып, төменгі шет ағысы жағынан буындар немесе кішігірім плотиналар жасап, белгіленген аумақтағы өзеннің суы жиналып молайып тұратындай етіп, мүмкін түбін де тереңірек етіп қазып, дәл осы тұстың арнасын кеңейте ағызып, айдын өзендей көркемдеп жіберсе дейміз. Өзен арнасы кең болып үлкейген сайын онда жұтатын ауа ылғалдығы молайып, азоны тазарып, ол жердің сипаты уақыт мезгіліне байланысты неше түрлі құбылыстарға түсіп құлпырып, адамды еліктіретіндей әдемі көрініс пайда болатын жағдайға жететінін, сондай жерлерге ұқсайтын табиғат ландшафтарынан көріп жүрміз. Және дәл осы тұстағы өзен бойының жағалауына адамдар жүретін тротуарлар салып, түнде жанып тұратын электр шам­да­рымен сәулелендіретіндей етіп жағажайдың сәнін кіргізетін атрибуттар жасаса нұр үстіне нұр болар. Бұдан бөлек, іргедегі ықшамаудан шетінен бастап өзенді жағалай жаңа инфра­құры­лымдар пайда болса. Өзеннің арғы беті мен бергі бетіне өту үшін ерекше сән беріп тұратын, адамдар жаяу өтетін көпір тұрғызса. Мұндай көпір бір ғана жерден емес, тасжолдағы көпірден өткеннен кейінгі арғы батыс жағындағы шетке де соғылса. Оларды да түнде жарқырап жанып-өшіп тұратын шамшырақтармен көмкерсе. Ол өзеннің екі шетіндегі ауыл адамдарына да, қызықтап демалып жүрген демалушыларға да тамаша күй сыйлар еді. Ал, көпірлердің көлемі өзен арнасын қаншалықты кеңейтіп соққанына байланысты анық болатыны түсінікті. Өзеннің кеңейтілген ықшамаудан жақ бетіне жазда адамдар шомылатын тұрақты жағажай орыны жасалынса. Сонда қаланың бас жағынан ағып келетін өзеннің алдыңғы жағы, жағалаулары лас-қоқыстардан қорғалып, тазаланар еді. Қалада табиғатты, санитарлық норманы бақылайтын қызмет те іске қосылып, тұрғындардың денсаулығын сауықтыруға арналған жұмыстар да жүйелене түсері хақ. Өзен бойын қыдырып демалғандардың назарына ілігетін неше түрлі ұлттық аңыз жырларындағы эпикалық кейіпкерлердің бейнелері сомдалған сюжеттік композиция үлгісінде жасалған мүсіндер қойылса, ашық аспан аясындағы алаңқайда ертегілер айтылып, поэзия оқылып, өнерлілер өнерін көрсетсе, аттракциондар қойылса қандай ғажап болмақ. Сонда өзен жағалауы суретшілердің де, әншілердің де, ақын-жазушылардың да жүретін бір мекеніне айналар еді. Тура осындай үлгіде өзіндік ерекшеліктерін тауып, келесі кезекте қаламыздың батыс шетіндегі «Аса» өзенін де тәртіпке келтіріп, суын молықтырып жөндесе, ел үшін жасалған игілік болмақ. Өйткені, қаламызға көрік беріп жатқан мұндай өзендердің әдемі көрінісі өзіне адамдарды тартып тұратыны анық. Ол әдемілік жылдың қандай мезігілі болса да көркін жоймай, оған жұмсалған қаржыны өтеп, қос өзен шаһардың көркіне көрік қосқан символ, брендіне айналар еді.

Айдархан Сихаев,
ҚР Сурешілер одағы облыстық филиалының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.