Таразда үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумы өтуде

638

Таразда Жамбыл облысы үкіметтік емес ұйымдарының форумы басталды. «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» тақырыбында өтіп жатқан алқалы жиын Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Оған облыстың барлық аудандарында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиылды. Сондай-ақ, ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсы өкілдері, сарапшылар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық кеңестер, саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары қатысуда.

Облыстық форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мұндай жиындар билік пен азаматтық сектордың байланысын бекіте түсетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, форум жұмысы жоғары деңгейде басталғанын айтып, оның жұмысынан үлкен нәтиже күтетінін жеткізді.

Форум барысында жергілікті басқарушы орган, үкіметтік емес ұйымдар және кәсіпкерлер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Жиын қатысушылары мұндай ынтымақтастық туралы келісімдер үш тараптың да алға басуына итермелеуші күш болатынын айтып жатты.

Күн аяғына дейін жалғасатын үкіметтік емес ұйымдардың басқосуында үкіметтік емес сектор дамуының өзекті мәселелері бойынша сұхбат алаңдары, жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен кездесулер, пленарлық отырыс ұйымдастырылады.  Онда азаматтық қоғам институттарының, халықаралық ұйымдардың, сарапшы қоғамдастықтың, оның ішінде, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен азаматтық сектордың дамуының өзекті үдерістері талқыланады. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында мемлекет және азаматтық сектордың өзара іс-қимыл бағыттарын және түрлерін анықтау, азаматтық секторды дамыту саласында үздік тәжірибелермен, құзіреттілікпен және өзара білім алмасу арқылы азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын арттыру мәселелері қаралады. Жергілікті жерлерде азаматтарды шешімдерді қабылдауға тарту мәселелері бойынша ұсыныстарды талқыланады.

5 бағыт бойынша жүретін талқылау барысында жергілікті және Өскемен, Шымкент және Астана қалаларынан келген лекторлар дәріс оқымақ.

Бүгінгі таңда облыста 700-ден астам коммерциялық емес ұйымдар тіркелген, олардың 200-ден астамы белсенді қызмет етуде.

Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара іс-қимылының маңызды бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру болып табылады. Биылғы жылдың әлеуметтік жобалардың қаржыландыруы 814,8 млн теңгені құраған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 108,2 млн теңгеге артық.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарды бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларды өткізуге кеңінен тарту мемлекеттік органдардың күнделікті тәжірибесіне айналған.

Өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерді. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттің тең серіктесі ретінде қарайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.