Таразда «Тараз — Қолөнершілер қаласы» II Халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

191
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Азия-Тынық мұхиты өңірінің Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Әзиз Мұртазаев, Қазақстан қолөнершілері Одағының төрағасы Айжан Бекқұлова қатысты.
Өткен жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Нұржан Календеров бұл өңірдің танымалдығы мен туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін, халықтық қолөнерді әлемдік деңгейде танымал етуге ықпал ететінін, жойылып бара жатқан көне қолөнер түрлерін сақтау мен қайта дамытуға жағдай жасайтынын атап өтті.
✅— Тараз ежелден-ақ Ұлы Жібек жолындағы сауда және қолөнердің бастау алған орталықтарының бірі саналған. 2000 жылдан астам тарихы бар қала түркі мәдениетінің символына айналды. Осынау тарихында қала көптеген мемлекеттердің астанасы және Ұлы Жібек жолының ірі сауда орталығы бола білді.
Біз туризм мен қолөнерді дамыту бойынша ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыруы үшін жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.
Бұл жұмыстар туризм үшін қолайлы аймақ ретінде біздің өңірдің өзіндік бейнесін қалыптастыруға толық көмектесетініне күмән жоқ, — деп атап өтті Нұржан Календеров.
▪️4 маусымға дейін жалғасатын көрме аясында кәдесый өнімдерінің жәрмеңкелері, қолөнер шеберлік сағаттары, жас суретшілер мен жас қолөнершілер байқаулары өтеді. Сондай-ақ, Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне турлар ұйымдастырылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.