Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық жолаушылар көлігінің тарифі бойынша брифинг өтті.
Брифинг барысында Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков әлеуметтік желі белсенділерінің жолақы көтерілгені жайлы посттарының жалған екенін айтып, жағдайға байланысты нақты ақпарат берді.
Тараз қаласында жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары жол жүру тарифін көтеру бойынша ұсыныс білдірген. Алайда ұсыныс негізінде нақты шешім қабылданған жоқ. Алдымен жолаушылар айналымын айқындау мақсатында хранометраж жүргізілетін болады. Бұл өз кезегінде тасымалдаушы мекеменің табыстары мен шығыстарын айқындайды.
Аталған іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, жұмыссыздыққа тіркелген азаматтарды тарту арқылы жыл соңына шейін қаладағы барлық маршруттық автобустарға жүргізілетінін айтып, әлеуметтік белсенділерді нақты ақпаратқа көз жеткізбей әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратпауларын өтінді. Сонымен қатар, ақпарат тарату жұмыстарымен Жамбыл облысы әкімдігінің ресми өкілдері айналысып отырғанын баса айтты.