Таразда Д. Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық турнир басталды

641

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында ұйымдастырылған шараға қатысушыларды құттықтаған аймақ басшысы, спортшыларға сәттілік тіледі.

— Бүгінде біз ел спортының қарқынды дамып келе жатқандығын зор мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, Қазақстанның спорттағы жарқын жетістігі мен жеңісті жолдары – төрткүл дүниеге белгілі. Көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыз байрақты бәсекелерде асқақ асулар мен биік белестерді бағындыруда.

Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде спортпен айналысуға барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізде спортты, оның ішінде бұқаралық спортты өркендетуге айрықша көңіл бөлуінің жарқын көрінісі.

Қазақ үшін асыл тұлғалардың бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін.

Еркін күрес халықаралық спорт әлемінде беделі жоғары екендігі баршамызға белгілі. Сондай-ақ, еліміздің спорт тарихына аттары алтын әріппен жазылған Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров және басқа да даңқты спортшыларымыз бар. Дарабоз спортшылардың ізбасарлары Рахат Қалжан, Ерғали Алишер, Ергеш Дәулет және басқа да жас спортшылардың келешектерінен зор үміт күтеміз.

Бүгінгі жарысты ұйымдастыруға атсалысқан Туризм және спорт министрлігіне, Күрес федерациясына мен жарыстың бас демеушісі, жамбылдық «Altais  Group» компаниясына алғысымды білдіремін, -деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов та өз лебізін білдірді.

3-5 қараша күндері аралығында өтетін халықаралық туринирге Моңғолия, АҚШ, Грузия, Қытай Халық Республикасы, Словакия, Эквадор, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекеттерінен командалар қатысуға тіркелген. Балуандар 57келі, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 келі салмақ дәрежелерінде өзара кім мықтыны анықтайды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, олардың жаттықтырушыларына арнайы медаль, дипломдар мен демеушліер есебінен қаржылай сертификаттар табысталатын болады.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.