Таразда бас бостандығынан айыру мекемелерінен босаған адамдарға арналып Наурыз мерекесі атап өтілді

138

Наурыз мерекесі — жалпы түркі халықтарының мерекесі, ұрпақтар жалғасы мен рухани қазына болып табылады. Бұл мереке ел бірлігіне, тыныштығына ықпал етеді. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілтіп, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі де келіп кетті.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысы әкімдігінің «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасының тапсырысы бойынша, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босаған адамдарға арналып, Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі атап өтілді. Мереке Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен «Жаңа шабыт» республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы меморандум негізінде ұйымдастырылды.

Бас бостандығынан айыру мекемелерінен босаған адамдармен прокуратура және Тараз қалалық №1,2,3 пробация бөлімінің қызметкерлері Наурыз мерекесімен құттықтап, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында сотталғандарға жаза өтеу барысында пробация қызметімен белгіленген тәртіп бойынша сот жүктеген міндеттерді сақтап, заң талаптарын орындауға шақырды.

Сонымен қатар, «Жаңа шабыт» республикалық қоғамдық бірлестігінің мамандары пробация есебіндегі мұқтаж азаматтарға әлеуметтік-құқықтық, психологиялық  көмек, жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру бағытында тиісті көмектерді көрсететіндігін жеткізді.

Кездесу барысында, Наурыз мерекесі өтіп кетсе де, әлеуметтік-мәдени қызметтерді ұсыну мақсатында, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жұртшылыққа қазақтың күйлері мен әуендері шырқалды. Осыған қоса, іс-шараға қатысушыларға тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылған Наурыз көже таратылды. Сол жерде қазанға пісірілген ыстық палау мен бауырсақтар, тәттілер үлестірілді, ыстық шай берілді.

Алдағы уақытта осы меморандум аясында пробация есебінде тұрған азаматтарды спорттық шараларға тартып, әр-түрлі көмек түрлері көрсетілетін болады.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

Талғат Ахымбетов,
«Жаңа шабыт» республикалық
қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.