Таразда Астананың 20 жылдығына орай облыстық форум өтті

1 431

Биыл арқа төсінде бой көтеріп, аз ғана уақыт аралығында алты алаштың тәжіне, Еуразия жүрегіне айналған Астана қаласына 20 жыл толып отыр. Мерейлі мерекеге орай бүгін Тараз қаласы «Баласағұн» орталық концерт залында «Астана – аймақтардың арқауы» атты облыстық форум болып өтті.

Өздеріңіз білетіндей, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде атап өтудегі себеп — Астана — XXI ғасырдағы 10 жыл ішінде бой көтерген жалғыз елорда, ал Қазақстан — екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз ел.
Сондай-ақ, Астана – өңірлердің қарқынды дамуының басты факторы, олардың ілгері басуының драйвері іспетті. Бүгінгі елорда – Қазақстандағы барлық оң бастамалар мен өзгерістердің туұстары. Астана дамуға серпін беретін республиканың барлық өңірі үшін тартылу орталығы болып табылады.
Айта кетерлігі, форум облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау сөзімен ашылды. Аймақ басшысы өз сөзінде Астананың қалыптастқан әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық және саяси орталығы ретіндегі қалыптасу жолын, бас қалаға қарап бой түзеген Жамбыл облысының 20 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық жетістіктерін атап өтті.
— Бүгінде төрткүл дүниеге тыныштық пен теңдіктің, өркендеу мен өрлеудің үлгісін көрсетіп отырған Астананың
20 жылдық торқалы тойы – мың жылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің бір кезеңі, ұлттық республикамыздың жаңа белесі деп білеміз.
Екі ғасырдың өліарасында буынын бекіткен, халықтың көз қуанышына айналған Астана – өзінің мерейлі мерекесіне орасан зор табыстармен келіп отыр.
Өйткені, қысқа ғана 20 жыл ішінде ұлттық культке, мемлекеттік брендке айналған елордамыз – мәңгілік мемлекеттігіміздің, асқақ рухымыздың нышаны!
Сондықтан да, бүгінгі «Астана – аймақтар арқауы» атты форумның мәні мен маңызы бөлек. Өйткені, өркендеу мен дамудың Қазақстандық жолын қалыптастырған еліміздің даму бағдары – Астананың дамуымен тамырлас! — деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асқар Мырзахметов Елорданың 20 жылдығына орай бой көтеріп, пайдалануға берілген 20 нысанға, облыс атынан сый ретінде Астана қаласында салынған велосипед жолына тоқталды.
— Бас қаламыздың дүбірлі мерейтойына тарту ретінде Жамбыл облысы атынан Есіл ауданы «Достық» көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін 13 шақырымдай (нақты 12,36) велосипед инфрақұрылымы салынды.
Сонымен қатар, веложол бойының екі жағынан облыс атынан монумент ескерткіштер бой көтермек.
Осы аптада Астананың 20 жылдығына орай Тараз қаласы мен аудандарда 20 әлеуметтік-экономикалық нысан (бала-бақшалар, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау мекемелері мен өндіріс орындары) пайданалануға берілді.
Бұл Ұлы Дала төсінде орналасқан еңселі Елордамыз – Астана қаласына киелі Әулиеата топырағынан көрсетілген айрықша құрметтің бірі деп білемін, — деп түйіндеді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.