Таразда 50 сотталған кешкі мектеп пен колледжде білім алуда

130

Қазір түзелемін деген адам үшін барлық жағдай жасалған. Орта білімі болмаса, арнайы кешкі мектеп бар, тек ниет болса болғаны. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген азаматтар да орта білім алуға міндетті. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2014 жылғы 18 тамыздағы №516 бұйрығында сотталғандарға негізгі орта, бастауыш, жалпы орта білім, техникалық және кәсіби білім алу туралы көрсетілген. Оның ішінде 30 жасқа дейінгі сотталған азаматтар орта білім алуға міндетті.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №25 мекемеде жазасын өтеп жүрген орта білім жоқ 50 сотталған 2023-2024 оқу жылында білім алуға өтініш берді. Оларға бүгіннен бастап кешкі мектеп пен колледжде білім берілуде. Мекеменің ішкі күн тәртібіне сәйкестендіріп, сотталғандардың сабақ кестесі құрылып,оқу жоспарына сәйкес, білім алады.

Білімін жалғастыруға ниет танытқандардың көбісі белгілі бір себептермен білім ала алмай қалған сотталғандар. «Өмір болған соң қиындығы мен қызығы қатар болады. Жас болдық, оқу-білімнің қажеттігіне ден қоймадым. Сөйтіп жүріп жаза басып жаңылып, істі болдым. Түзеу мекемесінде жазамды өтеп жатырмын. Бостандыққа шыққан соң жоғары білім алу үшін бірінші орта мектепті бітірген аттестатым болуы керек екендігін біліп, өтініш бердім. Кешкі мектеп мұғалімдері білім беріп жатыр. Бір жағынан жазамды өтеп, екенші жағынан білім алып, аттестат алсам, бостандыққа шыққан соң жоғарғы оқу орнына түсуіме мүмкіндігім бар», – дейді сотталған азаматтың бірі.

Мұның барлығы аяқтарын шалыс басқан жандарды түзу жолға қойып, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасау.

«Колледжді тәмамдап, диплом алған сотталғандар мамандықтары бойынша мекеменің өндірістік аймағында жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Босатылған соң алған білімін кәдеге жаратып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына да болады. Мекемеден мамандық алып, бостандыққа шыққан азаматтар түзеу мекемесінде алған мамандығы кәдесіне жаратып жүр. Сотталғандарды түзелу жолына түсіру үшін мекеме әкімшілігі жұмысқа орналастыру және білім беру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр», – деді мекеме бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.