«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өз салымшыларына биыл 800 пәтер мен 205 жеке үй бермекші. 800 пәтер қаланың жаңа 15-мөлтек ауданынан, ал 205 жеке үй тұрғын үй Сабалақов көшесіне салынған. Мұндағы тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 116 000 теңге тұрады.
— Банктің мақсаты – салымшыларын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Біз жергілікті атқарушы органдармен және құрылыс салушылармен бірге бұл жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Нәтижесінде осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында клиенттерімізге 800 пәтер ұсына алатынымызға қуаныштымыз. Оларды сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта тұрғын үй құнының 20%-ы мөлшеріндегі алғашқы жарна болуы керек, осыдан кейін клиент жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие ала алады, — аталмыш банктің облысымыздағы филиалының директоры Данияр Серік.
Жаңа пәтерлер 50/50 қағидасы бойынша сатылады. Яғни, тұрғын үйлердің кем дегенде 50%-ы әкімшілікте кезекте тұрған адамдар арасында бөлістіріледі. Ал, қалған 50%-ы кезекке тұрмаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына ұсынылады.
Нысандар туралы толық ақпаратпен baspana.kz порталында толығырақ танысуға болады. Бұл – шаршы метрлерді бөлістіру үрдісі ашық және айқын жүргізілуі және пәтер таңдауға қолайлылық туғызу үшін арнайы жасалған портал. Мұнда қолжетімді баспанадан үміткер өзіне ұнаған пәтерді таңдап және тұрғын үйді сатып алушылар пулына қатысуға өтініш қалдыра алады. Пулдарға банктің барлық клиенттері қатыса алады, алайда тұрғын үй тек мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай үміткерлерге ғана беріледі. Нақтырақ айтсақ, ҚР азаматтығы немесе оралман статусы бар, соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында ҚР аумағында тұрғын үйі жоқ (үміткердің де, онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің де), төлем қабілетін растауы қажет.
Пулға барынша көп ұпай жинағандар өтеді. Ұпайлардың саны депозитті уақтылы толтыруға және оның ашылу мерзіміне байланысты есептеледі. Осылайша, депозит қаншалықты ерте ашылса және уақтылы толықтырылып отырса, соншалықты балл жоғары болмақ. Ұпайды арнайы бағдарлама есептейді, адам факторы әсер етпейді, яғни процесс автоматтандырылған және ашық, әділ түрде жүреді.