Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы ерікті 100 гид-экскурсия жетекшісіне арнап семинар-тренинг ұйымдастырды. Басты мақсат – алдағы қазан айында Таразға келеді деп күтіліп отырған 3 мыңға жуық туристке үш тілде сапалы қызмет көрсету.
-Туризм басқармасының ұйымдастыруымен қазан айының 8-12 аралығында «Taraz – aspara fashion week» халықаралық сән апталығы, «Төрткүл» керуен сарайында «Қазақ ауылы» этно-жобасы, қол өнер шеберлерінің халықаралық көрмесі, «Дәмді.Taraz food tourizm» ұлттық тағамдар фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл күндері қаламызға 3 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Олардың ішінде туризм саласының халықаралық деңгейдегі білікті мамандары болады деп жоспарланған. Міне, осындай айтулы шараға келген қонақтарды біз лайықты деңгейде күтіп алуымыз қажет. Ол үшін ең алдымен келген қонақтарға үш тілде сапалы, сауатты ақпарат бере алатын мамандарымыз болуы аса маңызды. Себебі, туристтің ой-пікірі алған ақпараты мен қызметіне байланысты қалыптасады. Ал біздің өңірімізде мұндай деңгейде қызмет көрсете алатын гид-экскурсия жетекшілері тапшы. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында еріктілердің басын қосып осындай оқыту семинарларын өткізіп жатырмыз,- дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Оқыту семинарларында туристік саланың жергілікті білікті мамандары, тарихшылармен қатар Астанадан арнайы келген Майя Зәруқызыда лекция оқуда. Майя Ағаділова нақтылы кезеңде қонақ үй, мейрамхана және қолөнер шеберлерінің Орталық Қазақстан бойынша туристік қауымдастығының президенті. Аталған қауымдастыққа ел аумағындағы ішкі және кірмелі туризм саласында жұмыс істейтін туроператорлар мен тур агенттіктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, қолөнер шеберлері біріккен. Қолөнер шеберлерінің шет елдерде көрмелерін ұйымдастырады. Сонымен қатар, Қазақстан технология университетімен бірлесіп туризм саласының менеджерлеріне арнап қысқа мерзімді курстар, қонақ үй және мейрамхана қызметкерлерін Астана қаласының бес жұлдызды қонақ үйлерінде өндірістік тәжірибеден өткізеді. Қауымдастықтың көмегімен үстіміздегі жылы 38 азамат туризм саласында тұрақты жұмыспен қамтылған. Яғни, Майя Зәруқызы туристік бизнестің қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман.
Семинар-тренингтің нәтижесінде қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.