Танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының үстінен іс қозғалды

94

Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында танымал әнші Жұбаныш Жексенұлына қатысты іс қаралды деп мәлімдейді Democrat.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицияға арызды жәбірленуші Зауреш Садыбекова түсірген. Әйелдің айтуынша, ол Жұбаныш Жексенұлымен бірге Астанадан Алматыға ұшатын рейске мінбек болған. Әуежайда ол әншіні байқап қалып, таңданысын жасыра алмай: «Бұл сол танымал әнші емес пе?» деп дауыстап жіберген. Бұл сөз әншіге ұнамай, ол сатиралық түрде өзін әнші емес, бишімін деп жауап беріп, орынсыз әрекеттер жасай бастаған. Жәбірленуші бұл сәтті телефонына түсірмек болғанда, әнші оның құрылғысын қолынан қағып түсірген. Оқиға орнына полиция шақырылып, әншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

«Мен оны қорлаған жоқпын. Тек құрбыларыма: “Ол әнші емес пе еді?” деп сұрадым. Сол сөзіме ашуланып, дөрекі сөйлей бастады да, қолымдағы телефонды қағып жіберді. Кейін бірінші қабатта да тіл тигізуді жалғастырды. Мұның бәрі видеода бар», – деді жәбірленуші сотта.

Жұбаныш Жексенұлы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді және жәбірленушіден көпшілік алдында кешірім сұрады. Сондай-ақ ол ұшаққа мінер алдында алкогольді ішімдік ішкенін мойындады.

Сот әншіні ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

https://democrat.kz/kz/article/tanymal-anshi-jubanysh-jeksenulynyn-ustinen-is-qozgaldy.html

Фото: ашық дерек көздерінен алынды

Leave A Reply

Your email address will not be published.