Тәңкібаев Тамдыға тамаша тарту жасады

1 703

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы барша аймақтың дамуына арқау болып келеді. Дәл осы бағдарлама бойынша рухани орталықтар ашылып, кәсіпкерлердің көмегімен түрлі нысандар ел игілігіне пайдалануға берілуде, – деп хабарлайды «AraiNews» ақпарат агенттігі.

Солардың бірі – Талас ауданының Тамды ауылындағы футбол алаңы болып отыр. «Ауылына қарап азаматын таны»-деген аталы сөзді жадынан шығармаған Жұмахан Тәңкібаев ауылдастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасап, ауыл жастары жасыл алаңда жасындай жарқырап, ала доптың додаларынан көрінсін деген ниетпен футбол кортын ашып берді.

Бұл игі іс ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізетіні сөзсіз. Ашылу салтанатында аудан әкімі Досмаханбет Алиев жиылған жұртты құттықтап, жеткіншектерге теңбіл доптар тарту етті.

Сонан соң алаңның кілті Жұмахан Тәңкібаевтың атынан Тамды ауылдық округінің әкімі Саят Момбековке салтанатты түрде табысталды. Алаңдағы алғашқы ойынды аудан әкімі Досмаханбет Қасымұлы бастап берді. Самбодан әлем чемпионы Дидар Молдағалиев, самбодан Азия чемпионы Рахмет әл-Фараби, қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық біріншілігінің жеңімпазы Жалғас Сары, дзюдодан Қазақстан чемпионы Абылай Әбдіқадыр сынды спортшыларды баулыған ауыл бұл салаға көп көңіл бөлуде. Болашақта осы футбол алаңынан да ала доптың адуынды марқасқалары шығады деп үміттенген ауыл тұрғындары Жұмахан Тәңкібаевқа алғыстарын жаудырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.