«Талас» футбол клубының маңызды жеңісі

38
https://08info.kz/wp-admin/post-new.php
Нарбол Қашаған, «Talas tynysy».
Екінші лиганың 13 тур ойындарында жергілікті «Талас» футбол клубы алматылық «Жас қыранды» қабылдады. Жалпы қарсыластар осал командалардың қатарынан емес. Құрылғанына төрт жыл ғана болған клуб 2021 жылы футбол маусымын 5-орынмен аяқтаса, 2022 жылы 3-орынға көтерілді. Ал келер жылы Қазақстанның бірінші лигасында өнер көрсетті. Бұған дейін жерлестеріміз «Жас қыран» командасымен бірнеше рет кездескен. Барлығында қарсыластар басымдық танытты.
Турнир кестесінің жоғары сатысында жайғасқан азулы командамен өткен бұл жолғы қарымта ойын жанкүйерлердің көңілін күпті еткені рас. Алайда кездесудің алғашқы сәтінен-ақ алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Қарсыластар қақпасына бағыттаған соққылар нәтижесіз қалған жоқ. Кездесудің 34 минутында «Талас» футбол клубының ойыншысы Мәди Мәдібеков қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, команданы алға шығарды.
Кездесудің бірінші кезеңі жерлестеріміздің пайдасына шешілгенімен, 2-тайм өте тартысты жағдайда өрбіді. Есе қайтарып, есепті теңестіруге тырысқан «Жас қыран» командасы шабуылға көшті. Ойынның 59 минутында қонақтар тарапынан бағытталған дәл соққы, «Талас» командасының қақпасынан табылды. 1:1. Таблодағы есеп теңестірілді.
Стадионға жиылған жанкүйерлер есеп осылай сақталады деп ойлағанымен, қарсыластар қақпасына тағы бір доп соғуын сұрап командаға қолдау танытты. Көп тілегі жүзеге асып, кездесу аяқталар тұста «Талас» футбол клубының ойыншысы Мәди Батырханның дәлдеп соққан айып добы ойын тағдырын шешкен маңызды голға айналды.
Осылайша кезекті тур ойындарында «Талас» футбол клубы бір гол басымдығымен (2:1) жеңіске жетті.
Жалпы Қазақстанның екінші лигасында 11 команда өнер көрсетіп жатыр. «Жас қыран» футбол клубымен өткен ойындағы жеңістен соң жерлестеріміздің турнир кестесіндегі көрсеткіші біршама жақсарды. Мұның алдында «Каспий-Атырау» командасымен тең түскен таластықтар 6-орынға тұрақтаса, 13 тур ойындарынан соң 5-орынға көтерілді. 1-орында тұрған «Арыс» командасымен араны тек 3 ұпай ғана бөліп тұр.
Жерлестеріміздің келесі ойыны 21 шілде күні сырт алаңда «Жайық» (Орал) командасына қарсы өтеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.