Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, табысқа айналдыруға да болады. Оған көп қаражаттың қажеті жоқ. Бастысы талап білдіріп, кәсіптің көзін тапсаң жеткілікті. Тамды ауылының тұрғыны Біржан Каденов үй жанындағы шағын аумаққа көкөніс отырғызып, нәтижесін байқап көрмекке тәуекел танытыпты.
— Биыл көктем мен жаз айы ылғалды болды. Жауын-шашынның шамадан көптігі де өнім шығымына кері әсерін тигізеді. Игеліктегі 20 сотоқ жерге қызанақ отырғыздым. Еңбек ақталған сынды. Қазір піскен өнімдерді жинап, сұраныс білдірген тұрғындарға саудалап жатырмын,-дейді шаруаның өзі.
Шарбақтың жайқалып, өнімнің ойдағыдай шығымды болуының өзіндік сыры бар. Біржан бұған дейін калифорниялық құрттарды өсіріп, кәсіптің қыр-сырын игеріп те көрген. Істі тоқтатуға шаруалар тарапынан шылаушанға сұраныстың аздығы себеп болған көрінеді. Екі жылға жуық уақыт айналысқан тірлік текке кеткен жоқ. Қазір шылаушандардан алынған тыңайтқыштарды үй іргесіндегі жерге сеуіп, өнімге берер әсеріне көз жеткізіп отыр.
Шаруаның айтуынша, алынып жатқан өнім ойлағаннан жоғары болған. Тіпті топыраққа өзге ешқандай тыңайтқыш қоспаған. Тек су арқылы нәрлендіріп отырған.
— Биогумустың бақша егуде қаншалықты тиімді екеніне енді көз жеткіздім. Шылаушанның көлемін арттырып, тыңайтқыш қорын толықтырсам деймін. Калифорниялық жауын құртын өсіру үшін де көп күтім керек. Жалпы малдың қиынан алынған тыңайтқыштың жерді құнарландыруда көмегі көп. Әрі таза табиғи өнім. Жергілікті тұрғындар шылаушаннан алынған тыңайтқыштың тиімділігін әлі түсіне алмай жатыр. Мұндай кәсіп түрі әсіресе көршілес Түркістан облысында дамыған, жолға қойылған. Онымен айналысушылардың қатары да көп. Соған сәйкес бәсекелестік басым.
Дегенмен, алға қойған жоспарым көп. Ауыл жанында өзіме тиесілі жер аумағы бар. Сол алқапты игеріп, көкөністің өзге де түрлерін отырғызу ойда,-дейді 53 жастағы шаруа.
Біржан Каденов шарбақтан алынған қызғылт қызанақты ауылдағы тұрғындарға саудалап жатыр. Табиғи таза өнімге қызығып, тапсырыс берушілер де аз емес.
Тамды ауылы бойынша алдағы уақыттан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылмақ. Қазір окургте 246 аула бар. Кәсіп жасауға жоспар құрып, талап білдірген тұрғындарды ынталандыруға бағытталған жобаның игілігі аз емес. Оған ауыл-аймақтарда жобаға қатысып, іс бастаған шаруалардың еңбектері дәлел. Сәтін салса, Тамды ауылдық округінде де табысын адал еңбектен айырған азаматтардың қатары артады деген сенім мол.
Нарбол Қашаған, Талас ауданы