Түзеу мекемесіне телефонды сәбізге тығып кіргізбек болған

135

Таразда түзеу мекемесінің тәртібін бұзып, мекеме аумағына тыйым салынған заттарды кіргізуге ниеттілердің қарасы азаймай тұр. Заң талабына бағынбағандардың тағы біреуі күні кеше қолға түсті.  Оқиға 27 қазан күні сағат 17:30 шамасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты орташа қауіпсіздіктегі №25 мекемесінде болған.

Қолда бар мәліметке сәйкес, тәртіп бұзушының әрекеті жедел іздестіру жұмыстарын күшейту жөніндегі ведомствоаралық бірлескен жоспардың 5-тармағын орындау барысында әшкере болған. Осылайша мекеме жедел бөлімінің қызметкерлері прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп жедел ақпарат бойынша тыйым салынған заттарды анықтаған. 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері – қатардағы жауынгерлер Е. Қуанышов пен А. Есіркесімов, ефрейтор Қ. Сметов көліктерді бақылау-өткізу пунктінде жеткізілген өнімдерге тексеру жүргізген. Тінту шараларының нәтижелері бойынша «Еңбек-Тараз» РМК қоймасына тамақ өнімдерін әкелген жүк көлігінен түсірілген сәбіз салынған қапшықтан полиэтилен пакетке оралған түйіншек табылды. Тексеру кезінде оның ішінде 2 бірлік microSD (жад картасы), 1 дана камерасы бар көк түсті чип, және 7 дана смартфон бары анықталды.

Аталған факт бейнежазбаға тіркеліп, табылған заттарды кезекші жедел-тергеу тобы тәркіледі. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша материалдарды Тараз қаласының әкімшілік сотына беру үшін бастапқы материал жасалды. Бұдан бөлек, ҚАЖД басшылығына,  прокуратура, Полиция департаментіне және ҰҚКД қызметкерлеріне хабар берілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.