Тағдырдың түрлі жолдарымен дәл қазір темір тордың ар жағында бостандықты аңсап жүрген жандарды жақындарымен жақындастыратын тек қана еңбек екені даусыз. Себебі, тек еңбек қана жазасын өтеушілердің «қолымен істегенін, мойнымен көтеру» үшін кесілген жылдарын жеңілдетеді және еңбекке араласуының арқасында олардың ауыр күндері байқалмай өтуде деп айтуға болады. Бұл тұрғыда түзеу мекемелерінде сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізетін мамандардың да үлесі зор. Өйткені, темір торға тоғытылғандарды жұмысқа араластырып,белгілі бір іспен шұғылдануына жағдай жасап, олардың дұрыс жолға түсіп, тез түзелуіне ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/4 түзеу мекемесінің шаруашылық қызметінде 41 сотталған жұмыс істеуде. Сондай-ақ аталған мекеме аумағында 11 жеке кәсіпкер өз жұмыс орындарын ашып, 178 сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Бұл істің басы-қасында түзеу мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері жүріп, қоғамға пайдалы іс үшін өз үлестерін қосуда.
Еліміздің Заңнамаларына сәйкес мекеменің тарифтері мен нормаларының сапасы мен санына байланысты бағаланып, ол үшін ақы төленеді. Сотталғандардың алған еңбек ақылары бірінші кезекте қажетті заттарына сондай-ақ тамақ өнімдері жұмсалады. Мұнда жасаған қылмысының ауырлығы мен түріне, қоғамға қауіптілігіне қарамастан сотталғандарға еңбегіне қарай қаражат төленеді. Бұдан бөлек, «Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 18 тамыздағы № 516 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесінің барлық мекемелерінде бастапқы, орта, сондай-ақ кәсіптік білім ала алатын оқу орындары жұмыс істейді. ЖД-158/4 түзеу мекемесінде де орта білімі жоқ немесе кәсіби мамандығы жоқтарда білім алуға және соттың үкімі бойынша талабы бар сотталған азаматқа қарыздарын өтеуге де жақсы жағдай ұйымдастырылған. Сотталғандардың кәсіптік білім алуы мекемеде жұмысқа орналасу кезінде ғана емес, босатылғаннан кейін де маңызды рөл атқарады. Көптеген сотталғандар босатылғаннан кейін мекемеде алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Айта кету керек, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен жиі өтетін көрмеде де сотталғандардың еңбегінің жемісі көрсетіледі. Ал мұндай іс-шараның негізгі мақсаты – келушілерді түзеу мекемелері кәсіпорындарының өндіріс мүмкіндіктерімен таныстыру, өндірілген өнімге тапсырыс алу, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру екендігін атап өткен жөн.
Жуырда өткен «Ұлы дала үміті» атты өндірістік тауарлар көрмесіне барлық түзеу мекемелері өз өндірістік өнімдерін ұсынып, іс-шараның жақсы деңгейде өтуіне атсалысты. ЖД-158/4 түзеу мекемесі де бұл іске білек сыбана кіріскен болатын. Мекеме атынан №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына шахмат және тоғызқұмалақ тақтайшалары сыйға тартылса, шеберлер мүгедек қарттардың арбаларын жөндеп берді. Сондай-ақ бұл күні №1 Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйіне төсек жабдықтарын табыс етілді.
С.А. Буралкиева,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД
ЖД 158/4 мекемесінің СЕҰБ аға инспекторы,
әділет лейтенанты