Түркістан облысының полицейлері жоғалған 2 жасөспірім қызды іздеп тапты деп хабарлады turkystan.kz.
Polisia.kz сайтының хабарлауынша, Түркістан қалалық Полиция басқармасына екі әйел хабарласып, көмек сұраған. Көрші тұратын жалғызбасты аналардың айтуынша, біреуінің 10-сынып, екіншісінің 9-сынып оқитын қыздары 29 қаңтар күні үйлерінен шығып кетіп, содан қайта оралмаған.
«Жоғалған жасөспірім қыздарды тез арада табу мақсатында Түркістан қаласының тәжірибелі полицейлері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Із-түзсіз кеткен екі кәмелет жасына толмаған қыздардың суреттері жолаушы тасымалдаушыларға көрсетіліп, Түркістан қаласында орналасқан ойын-сауық орындары, қонақ үйлер тексерілді. Сондай-ақ Түркістан облысы ПД-ға қарасты барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерімен, басқа да облыстық Полиция департаменттерінің криминалдық полиция басқармаларына бағытнамалар жолданды», – делінген хабарламада.
Түркістандық тәртіп сақшыларының 3 тәулік бойы үзіліссіз жүргізген іздестіру шаралары оң нәтиже беріп, жасөспірім қыздар табылды.
«Олар облыс орталығындағы 1-мөлтекаудандағы жалдамалы пәтерден табылды. Осылайша дін-аман табылған оқушы қыздар, отбасыларына қайтарылды. Анықталғандай, екі жасөспірім өздері тұру үшін пәтер жалдаған, 3 күн бойы сонда түнеген», – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.