ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНДЕРІ ӨТЕДІ

197
Дүниежүзілік қатерлі ісіктің алдын алу күніне орай 3 ақпаннан бастап, ай соңына дейін Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық онкологиялық орталықта және аудандық емханаларда Ашық есік күндері өтеді. Онда дәрігерлер ақысыз тексеру жүргізіп, кеңес береді. Бұл туралы Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас дәрігер-онкологы Бауыржан Бертаев брифингте мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық клиникалық ауруханасындағы Онкологиялық орталықта бүгінгі таңда 10 010 науқас диспансерлік есепте. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6%-ға өскен.
— Түркістан облысында 2023 жылы қатерлі ісіктерді ерте анықтау бойынша жалпы скринингтік жоспар 100%-ға орындалды. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін скринингке көпшілік мән бергені жөн. Егер дер кезінде уақытылы тексеруден өтіп, ем алатын болса қатерлі ісікті емдеу көрсеткіші жоғары болады. Сондықтан барша облыс тұрғындарын ашық есік күнінде белсенді болуға шақырамыз. Емдік шараға кез-келген Түркістан облысының азаматтары мен қонақтары жолдамасыз, тегін, әлеуметтік сақтандырусыз жүгіне алады, — деді Бауыржан Бертаев.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан №3 Клиникалық-диагностикалық бөлімшенің меңгерушісі Рахим Абдурасулов қатерлі ісікке шалдыққандар ішінде сүт безі және өкпе обыры, жатыр мойны қатерлі ісігі, тоқ ішек обыры жиі кездесетінін айтты.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.