Түркістан облысында 5 жасар қыз іздестіріліп жатыр

95

Түркістан облысында Арыс өзеніне құлап кеткен 5 жасар қыз үш күннен бері іздестіріліп жатыр деп хабарлады turkystan.kz.

Tengrinews.kz сайтының мәліметінше, оқиға 17 наурызда Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылының маңында болған. 2018 жылы туған Нұрикамал Серік есімді кішкентай қыз Арыс өзеніне құлап кеткен.

«Қызды көрген-білгендер болса, әкесінің +7 (771) 639-26-22 телефонына хабарласуын сұраймыз» деп жазды еріктілер.

Полицейлер мен құтқарушылардың тарапынан іздестіру жұмыстары жүріп жатқаны, әзірге нәтиже болмағаны атап өтілді.

Облыстық ТЖД мәліметінше, баланың жоғалғаны туралы 17 наурыз күні сағат 22:00 шамасында хабарланған.

«112 пультіне кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Туыстарының айтуынша, 5 жасар қыз 17 наурыз сағат 17:00-де әпкесімен бірге үлкендердің қарауынсыз Арыс өзеніне ойнауға кеткен. Кәмелетке толмаған әпкесі қызды ағыс алып кеткенін айтады», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері, бір кинолог және екі техника жұмылдырылған. Оларға көмекке Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері, бір техникасы мен бір су көлігі де келген. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына Полиция департаментінің тағы 16 қызметкері мен екі техникасы, сондай-ақ әкімдіктің 10 қызметкері мен жергілікті тұрғындардан 150 адам жұмылдырылған.

«Іздеу жұмыстары жалғасады. Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарын балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.

 

https://turkystan.kz/article/217635-turkistan-oblysynda-5-zhasar-kyz-izdestirilip-zhatyr/

Leave A Reply

Your email address will not be published.