Сыбайластық – қоғамға жат құбылыс

451

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздік қолданысында кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлықтың қарапайым түсінігі — лауазымды тұлғалар, қоғамдық және саяси қайраткерлер мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерінде сараңдық мен сатқындық танытуы.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңестер одағы кеңістігінде алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.

Елімізде 18 қараша 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны да баршаға мәлім.

Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.

Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Елбасының мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», — деген жұртшылықтың пікірімен үндескендей.

А. Жүнісова,

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ Департаменті

ЖД-158/2 мекемесінің кадр саясаты бөлімінің 

аға инспекторы, әділет лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.