Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.
Ел Президенті Қ.Тоқаев алқалы жиында бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес–еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айта келіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқықтық нигилизмге әкеп соғады. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқаншылдыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар, бұл жауапты және заңға бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда, қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр.
Ж. Асанбаев,
Жамбыл облысы Әділет департаменті тіркеу қызметі
саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы