Таразда түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды кіргізуге ниеттілердің саны азаяр емес. Осылайша, әрекетінің заңсыз екенін біле, түсіне тұра жақынына «жақсылық жасамақ» болғандар ақырында өздері жауапкершілікке тартылып жатады. Осындай жағдайдың бірі Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде тіркелді.
Нақтысын айтар болсақ, Тараз қаласының 2004 жылы туған Е.А. есімді тұрғыны мекемеде жазасын өтеп жатқан П. М. есімді танысына қысқамерзімді кездесуге келген. Ол өзімен бірге сотталған азаматқа бірқатар азық-түлік пен тұрмыстық заттар жеткізген. Мекеме қызметкерлері аталған сәлем-сауқатты тексеру барысында көлемі 1 литрді құрайтын шампунь құтысының ішінде бөгде зат бар екенін анықтаған. Нәтижесінде, сусабынның ыдысын жару кезінде онда 5 дана ұялы телефон жасырылғаны белгілі болған.
Аталған заңбұзушылық тінту тобының бастығы Н. Әжіғалидің, аға сержант Б. Тілеу және 5513 әскери бөлімінің бақылаушысы Б.Асылбековтың қырағы әрекетінің арқасында әшкере болғанын айта кету керек. Осылайша, ҚАЖ саласы мен әскери қызметкерлер түзеу мекемесі аумағына тыйым салынған заттардың енуінің алдын алды.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Ал алдын ала ескертіліп, заңбұзушылыққа жол берген жағдайда жазаға тартылатыны жайлы хабарландырылғанына қарамастан аталған әрекетке барып отырған Е. А. есімді азаматтың әрекеті бойынша жиналған материалдар оны әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында сотқа жолданады.