Суррогат ана қызметі: ақша үшін бала туып беретін әйелдер қанша табыс табады?

108

Сарапшылар суррогат ана қызметі кәсіп көзіне айналып барады деп дабыл қағуда.

Ғаламторда «біреуге бала тууға әзірмін» деген хабарламадан көз сүрінеді. Жатырын жалға беретіндердің құрсақ ана болғаны үшін белгілеген бағасы бар. Жарнамасы жер жаратындардың дені – 18-27 жас аралығындағы келіншектер.

«Гонорарым – негізі 3 миллион теңге. Құрсақ көтерген кезде 1,5 миллион теңге, туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Бәрі келісімшартпен болады. Ай сайын тағы 100 мың теңге береді», – дейді суррогат ана.

«Болашақ» суррогат ана орталығының директоры елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер аз емес дейді. Бірақ, олардың саны туралы нақты есеп жоқ.

«Болашақ» суррогат ана орталығының директоры Нүрия Уайысова: «Суррогат ана, жүктілік бәрін қосып санағанда бас-аяғы 100 адамнан астам. Донор яйцеклеток 300 адамнан аса бар. Боламын деген қыздар көп, бірақ өтетін адамдар өте аз», – дейді.

Жатырды «жалға» алу мен берудің тәртібі «Неке және отбасы туралы» кодексінің 9-тарауында көрсетілген. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. «Құрсақ» ана мен тапсырыс беруші осы заңнама негізінде келісімшарт жасайды.

Заңгер Олжас Лекеров: «Біріншіден, суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншіден, суррогат ананың бұған дейін туған дені сау бір баласы болуы қажет», – дейді.

Діндарлардың айтуынша, жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Олардың айтуынша, суррогаттық жолмен дүниеге келген бала некесіз туған болып саналады.

«Рахымқызы Раиса ана» мешітінің наиб имамы Елімай Ұтысхан: «Ерлі-зайыптының аталық ұрығы мен аналық жасушаны біріктіріп, оны суррогат ана рөлін атқарушы бөтен бір әйелге салу – шариғатымызға тыйым салынады. Өйткені шариғатта әйелдің жатыры ақылы да, жалға да, бөтен адамға, бөтен кісілерге жалға берілмейді», – дейді.

Өкінішке қарай, елімізде 14 мыңнан астам ерлі-зайыптының сәби сүюге мүмкіндігі жоқ. Осының салдарынан ажырасу көп. Сондықтан кейбір ерлі-зайыптылар суррогат ананы жалдау отбасын сақтап қалудың бір жолы деп санайды.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.