– Емдік қасиеті жағынан бұл судың маңыздылығы «Құлагер-Арасан», «Сарыағаш» сауықтыру орталықтарындағы минералды сулардан кем емес. «Әулие ата» минералды суының бұл қасиеттері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Кардиологиялық және ішкі аурулар Ғылыми-зерттеу институтының қорытындысымен дәлелденіп, тиісті сертификатпен куәландырылған және медициналық лицензия берілген, – дейді кәсіпкер.
Минералды су мұнда Жамбыл ауданына қарайтын «Айша бибі» ауылы маңындағы «Әулие бастау» бұлағы қасындағы су айдынынан жеткізіледі. Су құрамындағы элементтерге біз жоғарыда тоқталдық. Ем алушылардың айтуынша, бұл су коронавируспен ауырған адамдар мен ауруға осал қарттардың иммунитетін көтеруге өз септігін тигізетін көрінеді.
Ем қабылдаушыларға мұнда барлық жағдай жасалған. Әрбір бөлмеде арнайы ванналар орналастырылып, барлық талап сақталған. Ем алуға келгендер алдымен арнайы сынама тапсырып, анкета толтырғаннан кейін емге жіберіледі. Сауалнама парағында он сұрақ қойылған, сол сұрақтарға жауап бергеннен кейін дәрігердің бақылауынан өткен соң соған қарай ем тағайындалады. Он күндік ем алып шыққан соң қайтара сынама алынып, сауалнама толтырылады. Яғни, әрбір келуші ем қабылдағанға дейін, ем қабылдаудан соңғы өзгерісті сол сауалнама арқылы денсаулығында қаншалықты өзгеріс орын алғанын біле алады.
Арнайы мамандардың айтуынша, бұл суды қабылдау Кардиологиялық және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының қорытындысына сәйкес төмендегідей ауруларды емдеуде жан-жақты септігін тигізеді екен. Атап айтсақ, ас қорыту және зат алмасу, бауырдағы дегенераттық және дистрофиялық өзгерістер, зат алмасу (семіздік, қант диабеті, минерал алмасуының бұзылуы, аяқ-қол буындарының қабынуы), ауыр металдар және фосформен созылмалы кәсіби уланғанда, несеп жолдары (созылмалы пиелонефрит, созылмалы цистит және т.б.), жүрек аурулары: ИЖА – стенокардия I-II ФК қауырттылығында, гипертониялық I-II A; жүйке жүйелерінің аурулары: шалығу, жүрек тамырлары жолдарының қызметінің артық бұзылуы (нейроциркулярлық дистония); созылмалы шаршаудың синдромы сынды сырқаттарға шипасы бар.
Орталықта 10 күн ем қабылдау орта есеппен жиырма мың теңгені құрайды. Басқа минералды сумен емдеу орталықтарымен салыстырғанда өте арзан. Бүгінгі таңда орталықта облыстық білім басқармасы кәсіподағы мен «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері жолдамамен келіп ем қабылдауда.
Осы орталықта ем қабылдаған азаматтардың айтуынша, денсаулықтары жақсарып, емдік су өз септігін тигізіпті. Атап айтсақ, Орал Оразалиева: «Осында келгелі ұйқым тынышталды. Буын-буынымның ауырғаны қойды. Келгендегіме қарағанда денемдегі қышқыл азайды. Асқазан қорытуы жақсарды. Ішім жүрмейтін. Он күнде денсаулығымда әжептәуір өзгеріс бар», дейді. Ал Индира Шоқанова: «Алғаш орталыққа келгенде өзімді әлсіз сезінген едім. Ем қабылдап жатқаныма бүгін тоғызыншы күн. Қазір өз-өзімді жақсы сезінемін. Аяғымның ауырғаны қойды, ауруларым басылып өзімді жақсы сезінудемін. Әсіресе, аяқтың қақсағанына да көп көмегі тиді», дейді.
Марат Құлибаев
Тараз қаласы.