Су тасқыны: Ақмола облысында 2 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

40

Су тасқыны кезінде Ақмола облысы бойынша зардап шеккен 820-дан астам отбасыға мүлік шығыны өтелді, 715 отбасыға үйлерін жөндеуге өтемақы төленді. Сонымен қатар шамамен 2 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. 221 отбасы үшін пәтерлер мен үйлер сатып алынды. Сондай-ақ, облыста 330 отбасы үшін жаңа үйлер салынды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, су тасқыны кезінде жол инфрақұрылымы да зақымданды. Барлық учаскеде көлік қатынасы дереу қалпына келтірілді. Апат кезінде зақымданған үш көпір бойынша, кейіннен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалар әзірленуде.

«Қазіргі сәтте облыста су тасқынына қарсы іс-шаралар өткен жылмен салыстырғанда үш есе ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы жасалып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылды, су өткізу арнасының 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетілді. 110 шақырым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгеу тұрғызылды, су өткізу құрылыстары жүргізіліп, су құбырлары тазартылды. 9 елді мекенде су деңгейін бақылау үшін қосымша гидробекеттер құрылды. Сонымен қатар, Атбасар қаласында қорғаныс үшін шлюздер орнатылып жатыр. Ол тасқын судың қауіпсіз ағып өтуін қамтамасыз етіп, шамамен 400 үйдің су басу қаупін азайтады», – деді спикер.

Жер снарядтарын сатып алу есебінен Атбасар ауданында Жабай өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр. Қазір өзеннің 2,5 шақырымы 5 метрге дейін тереңдетілді. Осындай жұмыстар облыс орталығындағы Қылшықты өзенінде де жүргізілді. Оның 4,3 шақырымы тазартылды. Халықтың ұсынысы ескеріліп, Целиноград ауданының Талапкер және Қоянды ауылдарында еріген суды өткізуге арналған жалпы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын айналма каналдары салынды. «Демеу Қазақстан» қоры есебінен 3 бөгет салынуда, Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағасы нығайтылып жатыр.

Тұрғын үй құрылысы – өңірдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Жалпы, биыл облыста 530 мың шаршы метр пайдалануға берілді, яғни бес мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып отыр. Соның ішінде бюджет есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй іске қосылды. Жылдың аяғына дейін тағы 16 үй іске қосылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары баспанамен дайын пәтерлерді сатып алу арқылы қамтамасыз етіледі.

«Бұл механизм көпбалалы отбасылар, жетім балалар және басқа да азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді. Биыл 736 пәтер сатып алынды. Жылдың аяғына дейін тағы 104 пәтер сатып алмақшымыз. Жалпы, соңғы 5 жылда 2064 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 2 270 отбасын үймен қамтыдық. Сонымен қатар биыл облыс орталығы – Көкшетау қаласында Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды. Жалпы, Көкшетау қаласында 11 аймақты анықтадық. Онда ескі 150 үйді кезең-кезеңмен реновациялауға кірістік. Бұл жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар мен балалар алаңдарын салуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз қаланың жаңа келбетін қалыптастырамыз», – деді өңір басшысы.

Көлік инфрақұрылымын дамыту да аса маңызды әрі өңір экономикасын дамытудың ажырамас бөлігі саналады. Биыл жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарды салу мен жөндеуге 104 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл 800 шақырым жолды қамтиды. Мұнда елді мекендердің, соның ішінде астанаға іргелес ауылдардың жол желісін жаңартуға баса назар аударылды. Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағалауында демеушілік қаржы есебінен жоғары сыныпты автожол салынып, жарық шамдары орнатылды. Ол болашақта қаланың негізгі жолдарындағы көлік ағынын жеңілдететін жолға айналады. Сонымен қатар жағалау бойы жаңаша абаттандырылып жатыр. Бұл – тұрғындар үшін сүйікті демалыс орнына айналатын маңызды жоба.

turkystan.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.