Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрылғанына биыл 13 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында тек құрылыс жасағы арқылы 8 мың студент жұмыспен қамтылған екен. Бұл қадам біріншіден, жалынды жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік берсе, екіншіден, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашады. Сонымен қатар, құрылыс саласының дамуына да өз септігін тигізетіндігі сөзсіз. Пайым-парасатын танытып, пайдалы істермен айналысуды жөн көретін студенттер тобы биыл да кезекті маусымды ойдағыдай аяқтап, көптің алғысына кенеліп отыр.
Айта кету керек, студенттік құрылыс жасағының 200-ге жуық жауынгерлері биыл 6 маусымда бас-аяғы 15 құрылыс алаңына аттанған болатын. Оның ішінде 120 студент М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен болса, қалғаны Тараз мемлекеттік педагогикалық, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеттерінің және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің білімгерлері. Тараз қаласы және өзге де бірқатар аудандарда құрылыс жұмыстарына қолқабыс еткен олардың алдыңғы легі үйлеріне орала бастады. Студенттер негізінен мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан ғимараттардың құрылыс жұмыстарына атсалысты. Соның ішінде дені орта мектеп пен аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандар.
– Осы жылы Тараз мемлекеттік университетінен 27 жігіт Байзақ ауданы, Байзақ ауылындағы 300 оқушыға, Қызыларық ауылындағы 150 оқушыға арналған орта мектептердің, Мырзатай ауылындағы су қабылдағыш және су жібергіш ғимараттың құрылыс жұмысына көмектесті. Қалғандары Тараз қаласындағы салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылыс басында еңбек дүбірін қыздырды, – дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының студент жастар және жастар ұйымымен жұмыс бөлімінің басшысы Дилмурад Хамракулов.
Мәлімет бойынша былтыр 145-тен астам студент құрыш білекті құрылысшылармен қатар жұмыс атқарған екен. Биыл еңбек сарбаздарының саны елу адамға ұлғайып отыр. Бұл сірә, іс басындағы жастардың жатын орнына дейін жағдайын жасап, түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастыра білудің жемісі болса керек. Сонымен қатар, облыстық штаб тарапынан алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапаттаудың қарастырылуы да жастарды ынталандыра түсетіндігі даусыз. Ең бастысы студенттердің өзінің де, елінің де мүддесі үшін алға ұмтылып, адал жолмен табыс табуға талпынып жатқандықтары сүйсінтеді.