STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә

104

Прагада тұратын Жәмилә Андреева осыдан бір жыл бұрын әлемге Papaoutai әнімен танымал болған бель­гиялық музыкант Stromae-нің бейнебаяны­на түскен болатын. Оған дейін шағын рөлдерді сомдап жүрген ол 45 млн қаралым жи­наған әлгі бейнебаяннан соң ұсыныстар көбейгенін алға тар­тады. Шопанның отбасында тәрбиеленген Жәмилә шоу-биз­неске онша ұмтылмағанын, бәрі кездейсоқ болғанын айтады. «Қа­зақты әлем тани түссін» дейтін Жәмиләға хабарласып, сұх­баттасқан едік.

– Есімі елге белгілі блогер Нағима сізді «Қаскелеңнен шыққан қайсар қыз» деп жазады. Анығында, сіз…?
– Анығында, мен Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылына жақын жерде ор­на­ласқан жайлауда киіз үйдің ішінде дүниеге келгенмін. Әкем – көп жыл бойы шопан бол­ған кісі. Анам да оған мал шаруа­шы­лы­ғы­мен айналысуға көмектескен. Негізі, мен емес, менің әкем Қаскелеңнен. Ал анам – Пет­ропавл жақтың перзенті. Бір жыл сол жай­лауда тұрған соң ата-анам мені Пет­ро­павлға нағашыларымның тәрбиесіне бер­ген. Онда бес жасыма дейін болдым. Со­сын ата-анам алып кеткен соң бәріміз жай­лаудан Қаскелеңге көштік. Әкем онда кел­ген соң күзетші де болды, мал да бақты. Со­сын сол малды сатып, одан түскен ақ­ша­ға жер алды. Содан соң ол жерді сатып, үй алып, бізге жағдай жасаудың амалын жа­сады. Қаскелеңде орта мектепті бітірген соң Алматыдағы техникумдардың біріне модельер-конструктордың оқуына түстім. Техникумды аяқтаған соң үйден қашып, Алматыға келдім (күліп).
STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә– Неліктен? Ата-анаңыз Алматыда қалуыңызға қарсы болды ма?
– Иә. Анам «Киім тігуді үйренесің, со­сын осында келіп, көрші әйелдерге көйлек тігесің. Осында жұмыс істейсің» деп мені қа­лаға жібергісі келмеді. Оған қарсы шы­ғып, Алматыға келіп, жұмыс істедім. Үй­де­гілерге жалақым жан бағуға, тіпті та­ма­ғыма жет­пейтінін айтуға дәтім бармады. Себебі олай айтсам, олар бірден «Ауылға қайт!» дер еді. Сөйтіп, нәпақа табу үшін жатпай-тұр­май еңбектене түстім. Модельер болып жұ­мыс істедім. Ательеде де еңбек еттім. Кол­лекция әзірледім. Сосын құрбымның ате­льесінде алдымен тігінші болып жұмыс іс­теп, екі жылдан соң директор қызметін ат­қардым. Кейін ол құрбым Чехияға қоныс аударды. Ол арқылы Чехияға қызыққан мен 2009 жылы ол жаққа турист ретінде бардым. Бір апта бойы саяхаттаған соң ке­неттен жол апатына түсіп, омыртқамды сын­дырып алдым. Сол себеппен Прагада екі жарым ай ауруханада жаттым. Сөйтіп, осын­да қалып қойдым. Шынымды ай­тайын, шетелде тұруды тіпті армандама­ған­мын. Алматыда табыс көзі жақсы бол­ды. Оған қоса, басымызда баспанамыз, қа­сымызда ата-анамыз болды. Ал күйеуім екеумізге Прагада алғашында қиын болды. Істемеген жұмысымыз жоқ, еден де жудым, тапсырыс алып, киім де тіктім. Анам, енем, өзге туыстарым «Қара да тұр, қайтып келе­сіңдер!» деп үнемі айтатын. Оларға ерегісіп, «Бәріне шыдаймыз» деп тынбай жұмыс істедік. Дегенмен расымен, басымыздан небір қиын күндерді өткердік. Қазір «Шетелге барасың ба?» десе, ойланар едім. Біз фирма арқылы келген соң шығынымыз көп болды. Салық көп төледік. Мұнда орыс­ша, ағылшынша сөйлеу деген жоқ. Бәрі чех тілінде сөйлейді. Ал чех тілі – тез әрі оңай үйренетін тіл емес. Алғашында балалардың үлгерімін қадағалау қиынға соқты. Әсіресе, мұғалімдерінің жазып жіберген жазба­ларын, жиналыста сөйлеген сөздерін түсіне алмай әлек болдық. Кейін бала-шағамен бір­ге чех тілін үйреніп, бәрін түсінетін бол­дық.
– Әлеуметтік желідегі жеке парақ­шаңыздың профиліне Actress based in Prague деп жазыпсыз. Прагадағы әр­тістік жолыңыз неден басталды?
– Осыдан бір жарым жыл бұрын бір құр­бым «Менімен бір кастингке баршы. Ауда­рып отырасың» деп өтінген еді. Ойда еш­теңе жоқ, қолдау білдіру үшін оған ере бар­дым. Сол кезде кастинг-директор «Сіз де қатысқыңыз келмей ме?» деп менің жар­намаға қажет бір рөлді сомдап шығуымды сұрады. Содан соң мені бірден Қытай, Вьет­нам елдеріне арналған сол жарнама ро­лигіндегі басты рөлге бекітті. Бұған көп ақ­ша төледі. Өзіме біреудің рөлін сомдаған сон­дай ұнағандықтан, өнер жолына бет бұр­ғанды жөн көрдім. Негізі, мен көп ро­ликке түстім. Прагада Қытай, Тайланд, Фи­­­липпин елінің өкілдері, қысқасы, ази­та әйел керек болса, үнемі мені ша­қыра­ды (күліп). Айтпақшы, мен мексикалықтың да, үндістің де рөлін сомдадым. Сонымен қа­тар киноның массовкасына да түскенім бар. Білуімше, Қазақстанда массовкаға қатысқаның үшін аз төлейді. Ал мұнда бір күнге 100 еуро аласың. Әйгілі актер Киану Ривз басты рөлде ойнайтын, «Джон Уик» ки­нофраншизасының жалғасы саналатын «Балерина» фильмінің массовкасына түстім. Түсірілім жұмыстары Прагада бас­талған еді. Сосын Орландо Блум бас­ты рөл сомдайтын «Кар­на­вал көшесі» киносында эпи­­зодтық рөлде ойна­дым. Бұл туындылар кө­рерменге әлі жол тартқан жоқ. Келесі жы­лы көрсетіле жа­тар. Шағын, елен­бей­тін рөлдер болса да, мұ­ның өзі мен үшін же­тістік. Тек мен­де мер­кан­тил­дік қы­зығушылық басы­мырақ, қайда жақ­сы төлейді, соған барамын (күліп). Кинодан бөлек, бей­небаяндарға да түстім. Танымал бе­ль­гиялық әнші Stro­mae-нің, британдық өнерпаз Майеллоның бей­небаяндарына түстім. Одан бөлек, Слова­кия, Чехия ән­шілерінің бей­нек­липтерінде де бой көр­сет­кенім бар. Бірақ негізінен мен кө­біне жар­намаға түсемін. Өйт­кені жар­на­ма жа­саумен айналысатын агент­тіктер ақ­ша көп төлейді. Жуырда бір жар­намаға түс­тім, оның шығуын күтіп жүрмін, себебі әлем­ге та­ғы бір рет танылуға мүм­кіндігім бар (кү­ліп). Қазір балам екеуі­міз бір жар­на­маға тү­сіп жатырмыз, онда чук­ча отба­сы­ның рөлін сомдаймыз. Әртіс­тік­тен бө­лек, мен пан­демия басталғанға дейін кон­церт ұйым­дастырумен айналыс­қан едім, бірақ кон­церттер сирек өтетіндік­тен, бұл істі қойып кеттім. Қазір Прагада Ук­раина­дан кел­ген босқындарға көмек көр­сету орта­лығында жұмыс істеймін.
STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә– Бізге әлемге есімі мәшһүр бель­гия­­лық музыкант Stromae-нің Santé (қа­­зақшасы – Денсаулық үшін) әніне тү­сірілген бей­небаяндағы басты рөлге қалай бекітілгеніңіз қызық болып тұр. Ол жұмыс тобымен Прагаға келіп кас­тинг өткізді ме? Әлде, сіз Бельгияға бар­­дыңыз ба?
– Түсірілімге көп қатысқан соң кас­тинг-агенттіктерде біз туралы деректер сақ­талатыны анық. Бір күні маған ре­жис­серден «Stromae-нің клипіне түсесіз бе?» деген хабарлама келді. Ол кезде Stromae-нің кім екенін де білмеймін. Оны әлемге та­нытқан Papaoutai хит әнін естігенмін, бірақ оны орындайтын әншінің есімі кім, түрі қан­дай екеніне қызықпаппын. Сөйтіп, әртіс­ті танымасам да келісе салдым. Бір күн­нен соң режиссер хабарласып, бас­ты рөлге бекітілгенімді айтты. Сосын ұшақ билеттерін жіберген соң қыркүйек айын­да түсірілім өткен жер Киевке ұшып бар­дым. Түсірілім барысында небір қызықтар болды. Stromae-нің әйелі Коралиді фотог­раф деп ойлап, «Сіз кімсіз? Не істеп жүрсіз?» деп сұрағаным бар. Сосын Stromae-нің шын есімін сұрап, мазасын алдым (күліп). Бірақ біз Stromae-ден гөрі, оның ағасы, продюсері әрі директоры Люкпен көп араластық. Сосын бей­небаянның соңғы көрінісінде мен рөлімді ойнап біткен соң бәрі қол ша­палақтап жатыр. Режиссер, оның кө­мек­шілері, операторлар, тіпті еден жуушылар, бәрі-бәрі шапалақтап, риза болғанын байқадым. Мен болсам, бәріне алғыс айтып, дән риза болып жүр­мін. Сөйтсем, жалпы түсірілім жұмысы аяқ­талған кезде бәріне қол шапалақтау дәстүрі бұрыннан бар екен ғой (күліп). Ал мен оны білген жоқпын. Жи­налған жұрт тек маған ілтипат білдіріп жатыр деп ойлап қалсам керек.
– Байқағанымыздай, ол бей­небаян­ның түсіріліміне тек сіз емес, бірнеше қазақ әйел жұмылдырылған секілді.
– Иә, онда менен басқа орта жастағы екі қазақ әйел ойнайды. Екеуі де Киевте тұрады. Олармен қазақша сөй­лесіп, өзара шүйіркелесіп алдық. Бізден бө­лек, бей­не­баянда бір қырғыз және бір кәріс әйел бой көр­сетеді. Азиялық тағамдар әзір­лейтін мей­­рам­­ханадағы көрініс көр­сеті­летін бол­ған­­­дықтан азиат әйелдерді ірік­теп алса керек.
Бастапқыда басқа әртістерді массов­ка­ға, ал даяшының рөлін сомдайтын мені «баст­ы рөлге бекітілген шетел әртісі» деп ша­­қырған болатын. Түсірілімде бар өнерім­ді ортаға салсам керек, «Сізге баса назар ау­­дарылып кетеді» деп монтаж кезінде біраз жерін «кесіп» тастады. Дегенмен рөлім көңі­лімнен шықты. Оларға бәрінен бұрын кә­сіби актрисаның рөлі емес, энергетика маңызды болды. Сондықтан режиссер ма­ған «Энергияңды көрсет. Биле!» деді. Ал мен билей алмаймын, бірақ оларға менің сол билей алмағаным да қажет еді.
STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә– Сонда бей­небаянда бәрін таңғал­дыр­ған би қимылдарын түсірілім ке­зінде ой­дан шығардыңыз ба?
– Киевке Мадонна, Дуа Липамен бірге жұ­­мыс істеген Марион Матин деген мықты хо­реограф шақырылды. Ол басқа әртіс­тер­дің би қимылын әзірлеп берді. Ал менімен бір күн жұмыс істеген соң «Білгеніңді жаса. Дұ­рысы сол. Сен жасайтын импровизация жақ­сы шығады» деп, маған ерік берді. Сөй­тіп, бар білгенімді орындап шықтым. YouTube-та бей­небаянның астына жазыл­ған пікір­лердің арасынан мені «Өте та­лант­ты кісі екен. Кәсіби әртіс емес дегенге сен­бей­мін» деген секілді жазбаларды оқып, бір мар­қайып қалдым. Расында, бұл бей­небаянның ма­ған берері көп болды. Осыдан соң ұсы­ныс­тар көптеп түсті. Бейнебаянда өзім қамтыл­ған бөліктерден шоурилл жасап, оны керек жерлерге жіберемін. Оны көрген көпшілігі «Уау, Stromae-нің клипіне түстіңіз бе?» деп таңырқасып, кастингсіз таңдап ала­ды. Бұрын түрлі агенттіктерге барып, кастинг­тен өтуге тіркелетінмін. Қазір оның қажеті жоқ, себебі көп түсірілім барысында ре­жис­сер­­мен жақсы байланыс орнатқан­дықтан, олар мені өздері шақырады. Оған қоса, әлеу­­меттік желіге сіз байқағандай, «акт­ри­са­мын» деп жазып қоямын. Менің парақ­­шам­ды көрген олар байланысқа шы­ғып, ұсыныстарын ортаға салады.
– Демек, соңғы бір жылда сіздің та­­­нымалдығыңыз арта түсті ғой.
– Әлбетте! Бірде Stromae-нің Миланда өт­кен концертін тамашалауға барғанмын. Мені бірден таныған журналистер ағыл­шын тілінде сұхбат алғысы келген еді, бірақ мен ағылшын тілін түсінгеніммен, сөйлей ал­маймын. Сөйтіп, ағылшын тілін оқи бас­та­дым. Сұхбат беруден бөлек, бұл тілді біл­­ген өзіме жақсы. Себебі Прагада амери­ка­лық продакшндар көп түсірілім жасайды. Жур­налистер ғана емес, қарапайым адам­дар да көшеде мені көріп қалса хал сұрасып, ме­німен суретке түседі. Stromae француз­тіл­­ді әнші болғандықтан, Чехияда аса та­ны­­мал емес. Бірақ АҚШ, Канада, Ресей, Бе­­ларусьтен бөлек, француз тіліне басым­дық беретін барлық елде атағы айға жетіп тұр. Дегенмен Чехияда мені сол бей­небаян ар­қылы тани­тын­дар баршылық. Бірақ анам «Stromae де­ген кім ол? Танымаймын. Қай­рат Нұртас бол­са бір жөн» деп бой бергісі жоқ. Оның көңі­лінен шығу үшін енді маған Қай­рат Нұр­тастың бей­небаянына түсу керек бол­ды (кү­ліп). Расында, кезінде Мұрат Насыров Че­хия­да клип түсіргендей, Қайраттар да осын­­­да келіп жоба жасаса қуана-қуана ке­лісер едім.
STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә– Stromae-нің сол бейнебаянының маз­мұ­ны мен халыққа бағыттаған мес­сед­жі де ерекше. Мұнда қарапайым қыз­­­­мет­кер­лерге, қара жұмыс іс­тей­тін­дерге ерек­ше көңіл бө­лінеді. Қан­дай ауыр жұ­мыс істе­сең де өзің­ді жо­ғалтып ал­мау, ұсақ-түйек­тің өзі­нен қуаныш таба білу керек­тігін баса айтады. Басты рөл­ді сомдағандық­тан, түсірілім кезін­де өзіңіз­­дің сол қара­пайым жан­дар­дың ішкі дауы­сын жет­кізгеніңізді сезе алдыңыз ба?
– Жоқ, маған берілген рөлдің маңызын, бей­небаян жарыққа шы­ғып, аудармасы пайда бол­ғаннан кейін жете түсіндім. Фран­цуз ті­лін түсінбеймін, сондық­тан ештеңені ой­лаған жоқпын, бұл клипке аналитика да жа­самадым. Бірақ бұл мен үшін позитивті рөл емес, бұл – шын­дық. Себебі мен мұнда біреудің рөлін сом­дама­дым, өз-өзімді ой­нап шықтым. Мен де қара жұмыс істедім ғой. Істемеген жұ­мы­сым жоқ. бей­небаяндағыдай дая­шы бол­масам да, Алматыда директор бо­лып жүр­ген­де де қара жұмысты көп іс­тей­тінмін. Үйден таңғы алтыда шығып, түн­гі екіде «сүйретіліп» келетінмін. Пра­гада да біраз жұ­мыстың ба­сын шалдық. Қазақ­станда болғанда ата-анам көмекте­сер еді. Ал мұнда бала­лар­ға қарайласа­тын ешкім жоқ. Таң­мен тала­сып, олар­ды бала­бақ­шаға, мек­теп­ке апарасың. Со­сын жұмысқа жү­­гіресің. Өзіңе көңіл бөлуден қа­ласың. Көңіл кө­теруді білмей­сің. Түнде келіп, ананың қа­мын бір ойлап, мы­наның қамын бір уайым­дап, ұйқыға кетесің. Өмір бойы осы­лай еңбектеніп келе жатқан біз үшін ол клип­­тегі эмоция таңсық емес. Жалпы, Stromae шығармаларында әлеу­меттік та­қырыпқа көп көңіл бөлетін ерекше әнші ғой. Әрі өзі сондай қарапайым. Менмен­дік­тен ада. Ол секілді ерекше әр­тіс­пен бірге жұ­­мыс істегеніме қуанамын. Оның дирек­торы әрі ағасымен әлеуметтік же­ліде бай­ла­нысып отырамын. «Тағы жо­ба­лар болса, мін­детті түрде шақырамыз» де­ген еді.
– Суреттеріңізге қарасам, ұлыңыз да өнер жолына қадам басқан секілді.
– Осы кастингтер мен түсірілімдердің бә­рі­­не өзім үшін емес, балаларым үшін ба­ра­­мын. Оларға жол көрсетіп, жөн сілте­гім келеді. Он жеті жастағы үлкен ұлым өнерге он­ша қызықпайды. Кенже ұлым мен қы­зым­ды түсірілімдерге жиі ертіп барамын. Ұлым­ның танымал модель болғанын, по­диум­дарда қазақтардың атын шығарға­нын, сон­дай-ақ қазақстандық киноларда басты рөлді сомдағанын қалаймын. Сосын Пра­гада қамқорлық танытып жүрген екі жас әртіс бар. Оларда түрлі агенттіктерге жібе­ріп, қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін.
STROMAE-нің бейнебаянына түсіп, әлемге танылған шопанның қызы Жәмилә– Соңғы сұрақ, сізді алға жетелейтін мақ­сат қандай?
– Оскар сыйлығы. Біреулер мұны естісе күле­тін шығар, бірақ расымен бұл беделді сыйлықты алғым келеді. Ол өзіме бұйыра ма әлде балама бұйыра ма, бәрібір. Ол сый­лықты қолыма ұстағым келеді. Қазір қа­зақтар әлемді жаулап, трендке айналып жа­тыр ғой. Сондықтан неге қазақтың атын тағы бір шығармасқа?!
– Сұхбат бойы езуімізден күлкі кет­пей, сізге таңғалумен болдық. Расын­да, бей­небаяндағыдай айналаңызды позитив­ке толтырып жүретін жан екенсіз. Әңгімеңізге рақмет!
– Басқаша қалай болуға тиіс?! Жолай ке­зіккен қиындыққа бола отыра кетіп жы­ласам, біреудің арам пиғылын көріп, оны жамандасам не болады? Бұдан маған қан­дай пайда бар? Кез келген нәрседен позитив таба білу керек. Өмір өзі қателігімізді рет­тей­ді. Тек бәрін жүрекке жақын қабыл­да­ма­саң, жағдай соншалық қиын емес. «Жұ­мыс жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп қың­қылдап отырғандарға қарап кейде нали­мын. Олар оны екі мүшең сау болса, тау мен тас қопаруға болатынын түсінсе екен дейсің.

Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

https://turkystan.kz/article/208823-stromae-nin-beynebayanyna-tusip-elemge-tanylgan-shopannyn-kyzy-zhemile/

Leave A Reply

Your email address will not be published.