Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді қолдану тәжірибесі

22

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл — қазақ тілі» — деп айтқандай еліміз Тәуелсіздік керегесін кеңінен ашқалы тіл мәселесіне ерекші көңіл бөлініп келуде.

Ата Заңымыздың 7 бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» — деп тайға таңба басқандай айқын бекітілді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып белгіленді.

          Биліктің бір тармағы ретінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі ерекше.

          Соттардағы мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға арналған жоспарға сәйкес сот құжаттарын мемлекеттік тілде толтыру бойынша іс шаралар үнемі жүргізіліп отырады.

Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың проблемалық тұстарына келетін болсақ, мемлекеттік органдар талап қою арыздарын орыс тілінде беруін айтып кетуге болады, алайда мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi  деп белгіленген.

      Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 14-бабына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.  Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

Қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюі, әсіресе сот жүйесінде дамуы өз құқықтарын, бостандықтарын қорғауға жүгінген азаматтарымыздың, заң көмегін көрсетуге маманданған заң қауымдастықтарының еншісінде екендігін ұмытпайық. Әрине соттың да сапалы түрде мемлекеттік тілде сот процесін жүргізе алуы, сот актілерін де әзірлеуі өз септігін тигізері анық. Сондықтан әрқайсымыз тілдің ұлт болашағында алар орнын терең ұғынуымыз қажет. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей келе, бойында тілге деген құрмет, махаббат сезімін ояту әрбір ата-ананың парызы. Сонда ғана болашағымыз жарқын, әрі мәңгілік болмақ.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы З.А.Габоева

Leave A Reply

Your email address will not be published.