Шулықтар қос бірдей жарыста жүлдегер атанған жерлестерін күтіп алды

814

Ағымдағы жыл Шу таэквондошылары үшін ерекше естеліктермен есте қалатын табысты жыл болғаны сөзсіз. Жыл басынан бері ауданның таэквондошылары барған жарыстарының бәрінен олжалы оралды. Жасөспірімдер мен жастардың нәтижесін қоспағанда, Шу таэквондо мектебінің түлегі Мереке Жүнісова алғаш рет Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Бұл аудандық таэквондо федерациясы үшін зор мақтаныш.
Жуырда талай таэквондо шеберлерін түлеткен Шу жерінің тағы бір тумасы Ермахан Тілеуқұл Атырау қаласында өткен қос бірдей жарыстан жүлделі оралды. Ол алдымен жасөпірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанса, араға 4 күн салып, халықарлық «Kazakhstan Open» турнирінде де үздік үштіктен көрінді. Сары құрлықтың теңдессіз таэквондо шеберлері бас қосқан байрақты бәсекеде ел қоржынына қола медаль салған Ермаханға туған жері де зор қошеметін көрсетті. Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойыздан түскен Ермахан мен оның жаттықтырушысы әрі әкесі Марат Тілеуқұловты аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов, таэквондо спортының жанашыры Мәкен Уақтегі, жаттықтырушылары және Ермаханмен бірге бір залда тер төгіп жүрген өзінің командаластары, сондай-ақ, өзі білім алатын Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының ұжымы бастаған бір топ құшақ жая қарсы алды. Чемпионға сый-құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын сыйлады. Өз кезегінде Ермаханның жаттықтырушысы Марат Тілеуқұлов күтіп алушыларға алғысын айтып, екі жарыс та Ермахан үшін өте қиын болғанын айтты. Бірақ төккен термен мен еткен еңбек өз жемісін беріп, қола жүлде бұйырыпты.
Естеріңізге сала кетейік, Марат Тілеуқұлдың аса дарынды шәкіртттернің бірі Ермахан Тілеуқұл бүгінде таэквондодан облыстық құраманың мүшесі. Ол осы жылы бірқатар республикалық және халықарлық жарыстарда жүлдегерлер сапынан көрінген болатын. Шығыс жекпе-жегінің шебері бұл нәтижемен тоқтап қалмай, алдағы уақытта Олимп шыңын бағындырады деген ойдамыз.

Мият КӘШІБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.