Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесулері жалғасуда.
Бүгінге дейін өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдердің 1226 кездесуі өтсе, оның 35-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған. Бұл жолы аймақ басшысы Шу ауданындағы Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты. Дулат ауылдық округінде өткен кездесуде алдымен округ әкімі Найман Сұлтанбаев атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның айтуынша, ауылда жалпы 139 шаруа қожалық тіркелген, оның 4-і өткен жылы мал басына 7,565 млн теңге субсидия алған. Шаруа қожалықтарында 53 техника бар.
Округте екі орта мектеп, кітапхана, ауылдық клуб, 2 фельдшерлік акушерлік пункт, пошта, учаскелік тірек, екі мешіт тұрғындардың күнделікті қажеті үшін жұмыс істеуде.
Ұлттық жоба аясында қоғамдық жұмысқа 67 адам тартылып, 3 азамат грант алған.
Жиында өзге де бағытта атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.
Сұрақ-жауап кезегінде ауылдықтар тарапынан газ, ауыз су тарту, ағын су, жайылым, көше жөндеу, мал ауруымен күрес, ұялы байланыстың әлсіздігі, қоқыс полигоның салу және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.
Аймақ басшысы барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жан-жақты жауап берді.
Айта кетейік, ағын су мәселесін шешу, тозған каналдарды жөндеу мақсатында “Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру” («ПУИД-2») бағдарламасы аясында округтегі барлық тоғандар жаңартылып, лотоктар қойылып жатыр. Тоғандардың жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайды.
Тұрғындар алдында есеп берген “ЗАО Туннель садд Ариана” компаниясының жоба жетекшісі Эхсан Ходам аудан бойынша аталған жоба шеңберінде 15 шаруашылық каналы және екі коллектор жүйесін жөндеу қолға алынғандығын жеткізді. Бұл жұмыстардың барлығы ағымдағы жылдың қазан айына дейін аяқталады деп күтілуде.
— Мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Өткен жылы облысты дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, барлық аудан, елді мекендер қамтылды. Соның аясында елді мекендердегі негізгі әлеуметтік мәселелердің бәрі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Тек бұл тұрғыда тұрғындардың да өзара түсінігі, сенімі, жауапкершілігі маңызды. Жергілікті билік пен халық түсінісіп, бірлесіп еңбек етсе, көп нәтижеге жетуге болады,- деген Нұржан Нұржігітов аудан, ауыл басшылығына нақты міндеттер жүктеді.
Дәл осындай форматтағы халықпен кездесу Балуан Шолақ ауылдық округінде де ұйымдастырылды.
Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.