ШТАБ ОТЫРЫСЫ

145
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымының аяқталуы бойынша штаб отырысы өтті.
Ең әуелі Тараз қаласы әкімдігінің тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бекзат Болатбеков жылыту кезеңінің өту барысы туралы баяндады.
– Жылыту маусымы кезеңінде отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде. Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы қала әкімдігінің күнделікті бақылауына алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет атқаруда. Жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде.
Жалпы, 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорындарда апатты жағдайлар, яғни ұзақ уақытқа жылудың өшуі орын алған жоқ, – деген Бекзат Мейірбекұлы жылыту маусымын сәуір айының 15 күні аяқтауды ұсынды.
Шаһар басшысы өз кезегінде келесі жылыту маусымына дайындыққа қазірден бастап кірісу керектігін қадап айтты.
– Жалпы биыл жылыту маусымы қалыпты өткенімен, кемшіліктер де кездескенін жоққа шығара алмаймыз. Тұрғындар тарапынан да біршама арыз-шағымдар түсті. Сондықтан келесі жылыту маусымының дайындығын осы бастан қолға алу қажет. Ең әуелі емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың жылу желілеріне баса назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ жатақханалардың жағдайы да назардан тыс қалмауы қажет.
Биылғы кемшіліктердің барлығы жан-жақты жоспардың болмауынан туындады. Сол себепті жылыту маусымы аяқталғаннан кейін орын алған әрбір кемшілік бойынша тиісті сараптама жүргізіліп, кешенді жоспар түзілгені жөн, – деген Баытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын қорытындысы бойынша облыс орталығында жылыту маусымын 15 сәуірде аяқтау туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар гидравликалық тығыздау жұмыстарына байланысты, Тараз қаласында 15 сәуірден 15 мамырға дейін, 1 ай мерзімге ыстық су өшіріледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.