Отандасымыз Әнел Шакуова бір жарым ай бұрын Үнді мұхитының жауһары әрі шай плантацияларының аралы саналатын Шри-Ланка аралына көшіп, онда мейрамхана бизнесін қолға алған. Бастапқыда кішкене бар ашуды көздеген Әнел мен күйеуі артынша мұның «қалайша мейрамханаға айналғанын өзіміз де сезбей қалдық» дейді. Аз уақыт ішінде келушілер санын арттырған Әнелдің бәсекелестері де жоқ емес. Ол ұстанымдарына берік, өзіндік ережелері бар тұрғындар мекендеген бұл аймақта кәсіп ашу оңай емес екенін айтады. Соған қарамастан, ондағы мейрамхана бизнесіне көп жаңалық әкелген Әнелге хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Туристер арасында «тропикалық жұмақ» деп аталатын, көркем жағажайлары мен көз тартар табиғаты бар Шри-Ланка аралында сіз секілді кәсібін дөңгелетіп отырған шетелдіктердің қарасы көп. Бәсекесі жоғары ортада клиенттер тарту қиынға соғып жатқан жоқ па? Бұған дейін мейрамхана ісін жүргізумен айналысқансыз ба?
– Мамандығым бойынша мен – суретші-дизайнермін. Бірақ өмір бойы жарнама саласында жұмыс істедім. Ірі халықаралық жарнама агенттіктерінде жұмыс тобының басшысы, креативті директор қызметтерін атқардым. Бұл саладан қазір де қол үзгенім жоқ, шағын жобаларым бар. Ал Шри-Ланка аралы туралы сөз етер болсам, бұл жерді 2009 жылы бірінші рет осында еңбек демалысына келгенде ұнатып қалдым. Сөйтіп, жыл сайын осында демалысқа келіп тұрдым. Кейін балаларыма Алматының климаты жақпай, жиі ауыратынды шығарды. Оларға көп уақыт бөлуім керек екенін түсініп, жайлы жұмысымнан шығып кеттім. Ойлана келе, күйеуім екеуіміз Шри-Ланкаға тұрақтап, сонда кәсіп ашып, бағымызды сынап көрелік деп шештік. Ол менен бұрын барып, жер учаскелерін қарап, ондағы нарықты бақылап жүрді. Мен Алматыдағы үйімізді жалға беріп, көлігімізді сатып, осыдан бір жарым ай бұрын артынан келдім. Шынымды айтсам, үйімізді жалға беріп, көлікті сатқан кезде бойымды қорқыныш билегені рас. Қазір де үрейленемін. Бірақ мен Қазақстаннан біржола кетіп қалғаным жоқ, қалаған уақытымда елге қайтып келе аламын. Тек осында қолымыздан не келетінін байқап көргім келді. «Неге мейрамхана ісі?» десеңіз, туристер ағылатын арал болған соң ойда көп идея да болған жоқ. Мұнда келетіндер қоғамдық тамақтану орындары немесе турларға қатты қызығады. Тур ұйымдастыру машақаты көп іс болғандықтан бұған аса мән бермедік. Басында жағажайда шағын бар ашқымыз келген. Бірақ күйеуім үлкен учаскені жалға алған соң бар дегеніміз үлкен мейрамханаға айналып шыға келді (күліп). Қазір қауырт жұмыстан шаршап, ұйқымыз қанбай жүр. Себебі мейрамхана аумағы үлкен. Жарнама жасамасақ та, аз уақыттың ішінде клиенттер санын көбейтіп алдық. Біздің мейрамхана орналасқан Хиккадува курортына орыстілді туристер келеді. Бұрын мұнда Қазақстаннан да көп турист келетін, бірақ былтыр тікелей рейс жабылып қалғандықтан қазір көп емес. Айтпақшы, күйеуім құрылысшы болғандықтан, бос тұрған орынға үлкен мейрамхананы өзі салды. Сонымен қатар ол Алматыда мейрамханада 5 жылдай басқарушы болып жұмыс істеген. Сондықтан бұл іске жанын салып кірісті. Ал менің адамдармен араласу жағынан тәжірибем жетерлік. Әр үстелге барып, келушілердің көңілін аулап, не ұнағанын, не ұнамағанын сұрап жүремін.
– Бір жарым ай бұрын ғана ашылған мейрамханаға келушілер санын арттырудың құпиясы неде?
– Мұндағы қызмет көрсету сапасына көңілің аса толмайды. Мейрамхана иелері тағам дәмсіз болып шықса да, бас қатырмайды. Тіпті, оны дәмдірек етіп дайындауға тырыспайды. Басқа қызмет түрлеріне қатысты сын айтса да оны түзетуге тырыспайды. Түк болмағандай, жұмысын жалғастырып жүре береді. Тапсырысты көп күтуге тура келеді. Тіпті, кейде оңай әзірленетін тамақтың өзін біраз уақыттан соң әкеп береді. Ал біз керісінше мейрамхана жүргізу ісіне өзгеріс енгіздік. Аспаздарымызға етті маринадтап, кәуап жасауды үйреттік. Мұнда бізден басқа ешкім кәуап жасамайды. Оларға үйде отырып-ақ майонез бен кетчуп әзірлеуге болатынын көрсеттік. Мұнда теңіз өнімдеріне неше түрлі қоспа мен дәмдеуіш қосады. Ал біз мұның барлығын алып тастап, еш қоспасыз, өзіндік дәмі бар тағамдарды әзірлеуге көштік. Аспазға борщ әзірлеуді үйреткен едім, қазір ол мұны менен жақсы әзірлейді (күліп). Алдағы уақытта ас мәзіріне палауды қосқым келеді. Қазақстаннан екенімді естіп-білгендер «Қазақша ет қашан әзірлейсіздер?» деп сұрайды. «Қазақ асханасының күні», «Қазақстан күні» секілді фестивальдер ұйымдастырып, шетелдіктерді біздің тағамдармен таныстыру жоспарда бар. Бірақ тропикалық аймақ болғандықтан мұнда сиыр мен қойдан біздегідей ет ала алмайсың әрі семіз де емес. Сол жағы қиындау. Айтпақшы, мұнда ұн да басқаша. Біздегідей созылмалы емес, нан жайсаң үзіліп қала береді. Сондықтан қазақша ет дәмді болмай шыға ма деп қорқамын.
Ас мәзірін күйеуім екеуіміз жасақтадық. Аспаздарымыз ингредиенттерді шатастырып алмасын деп, мәзірге өзге тамақ түрлерін бірте-бірте қоспақшымыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, күйеуім мен серіктесім үшеуіміз даяшы қызметін атқаратындықтан, келушілермен жақын танысамыз, әңгімелесеміз. Тапсырысты көп күттірмейміз. Басты ерекшелігіміз – мұндағы мейрамханалар сағат ондарда жабылып қалады. Ал біз түнгі екіге дейін жұмыс істейміз. Еңбек демалысына келген туристерге таңертең ерте тұрудың қажеті жоқ қой. Олар түнге дейін қыдырып жүреді. Мұны жақсы білетін кәсіпкерлер мейрамханаларын сонда да ерте жабады. Айтып тұрмын ғой, олар дүниетанымын өзгерткісі келмейді. Айтқандарынан қайтпайды. Ақырында олардың рейтингте төменгі орында тұрғанын байқайсың. Ал мұнда үздік ондыққа кіретін мейрамхана иелерінің – түгелі дерлік шетелден келген кәсіпкерлер немесе жергілікті кәсіпкермен бірлесіп ашқан шетелдіктер. Жалпы, аралға келген туристер алдымен теңіз өнімдерінің дәмін татқысы келетінін білесіз. Қазір Индонезия аралында теңіз өнімдері таусылып қалғандықтан, халық оны өзге жақтан сатып алады. Ал мұнда ол өнімдердің түр-түрі бар. Біз ашылған кезде көбі бізге ет жеуге келетін. Мұндағылар еттен тамақ әзірлеуді жөнді білмейді. Сол кезде бізде «Ет тағамдарын жақсы әзірлейтін мейрамхана» деген беделіміз болды. Ал қазір теңіз өнімдерінен ас әзірлейтін мейрамханалардың үздік ондығына кірдік.
– Өз заңдарына берік олардың сіз секілді шетелдіктердің мұнда кәсібін дөңгелетіп отырғанына көзқарасы қалай екен?
– Кейде жергілікті тұрғындардың бізді қызғанатынын байқап қаламын. Олар шетелдіктердің мұнда бизнес ашқанын аса ұната бермейді. Шетелдіктер олардың нанын тартып алып жатыр деп ойласа керек. Бірақ сөйте тұра, олардан асып түсу үшін ештеңе істемейді. Біз бұл мейрамхананы Шри-Ланкада тұратын, 2009 жылдан бері етене араласатын досымызбен бірігіп аштық. Егер жалғыз ашсам, басымнан бұлт арылмайтыны анық. Олар менің серіктесім бар екенін біледі, сондықтан аса тиіспейді. Бірақ десе де, мұнда біздегі 90-жылдардағыдай мафия, рэкеттердің көмегіне жүгіну әлі бар. Бір қызығы, мейрамхана иелері «меншіктеп» алған күндері сауық кешін ұйымдастырады. Мысалы, бірі бейсенбі күні жасаса, екіншісі жұма күні ұйымдастыруы керек. Ал қалғандарына бұл екі күнде сауық кешін жасауға болмайды.
– Байқамай, жасап қойса ше?
– Естуімше, ондай жағдай болса, от қойып, өртеп, тіпті есірткі «тықпалап» кетуі мүмкін. Сондықтан біз қазір сауық кешін ұйымдастыруды кейінгі ысырдық, дегенмен жоғарыда айтқанымдай, түрлі фестивальдер ұйымдастырғым келеді.
– Интернетте Цейлон шайының отаны саналатын Шри-Ланка тұрғындары ашық, алғысты жымиыс арқылы білдіреді делінген.
– Ол рас. Шри-Ланка алдымен Португалия, сосын Голландия, одан кейін Ұлыбританияның отарында болған. Колонизаторлар оған Цейлон деген атау берген. Ағылшындар шай әзірлеуді қолға алып, ақырында бұл шай экспорттау бойынша көшбасшы елге айналды. Расымен, мұндағы шай өсіретін плантациялар өте дәмді шай әзірлеп шығарады. Кейін олар тәуелсіздігін алған соң бұрынғы Шри-Ланка атауын қайтарып алады. Жергілікті халықтың бізбен ұқсастығы көп. Олар біз секілді қонақ күткенді, дүркіретіп той жасағанды жақсы көреді. Туған күннің өзін жай ғана атап өтпейді, оған ауқымды іс-шара ретінде қарайды. Бұл іске қыруар ақша жұмсайды, жетпегенін туған-туыстарынан алады. Өздерінің тұрмыс жағдайы төмен, бірақ сөйте тұра той мен туған күнді қалталылардан кем өткізбейді. Тағы бір атап өтерлігі, мұнда біздегідей бауырлар арасында ауызбірлік күшті. Бір-бірінен көмегін аямайды. Бір кісіден қалтасы жұқа жігіт шаңырақ көтергенде аралда тұратын туыстары ақша жинап, оған жер учаскесін сатып алып бергенін естіген едім. Сосын олар біздікілер секілді үнемі кешігіп жүреді. Әлі күнге дейін даяшы таппауым да сондықтан. Келісілген уақытта келмей қояды. Көп жағдайда «Келістік. Ертең келемін» дейді де, «ғайып» болады. Дейтұрғанмен, жергілікті халық, расымен, сіз интернеттен оқығандай кеңжүректі әрі мейірімді. Үнемі күліп жүреді. Фауна мен флораға бай өңір болғандықтан, олар жануарларды туған баласындай жақсы көреді. Табиғатпен гармонияда тұрады. Қазір Таиландтың табиғаты басқаша кейіпке еніп, жасанды болып бара жатыр ғой. Ал мұнда әлі жабайы табиғат әлемі сақталған. Аттап бассаң, тауыс құстар мен пальма тиіндерін көресің. Мұнда жылан, шаян, келес, өрмекшінің түр-түрі бар. Талдан-талға секіретін маймылдар тағы бар. Сондықтан біз балконға ештеңе қоймаймыз, өйткені маймылдар түгін қалдырмай алып кетеді.
– Әңгіме басында жергілікті халық қазақтарды өзге азиаттардан ажырата алатынын айтып қалдыңыз. Расымен ажырата ала ма?
– Рас. Тікелей рейс жабылмай тұрған кезде мұнда біздің елден демалуға көп турист келетін. Сондықтан олар бізді кәрістер, жапондардан ажырата алады. Азиаттардың ішінен бізді айнымай таниды. Ауыл кішкентай, бір-бірін таниды. Жалпы, Хиккадува шағын курорт болғандықтан мұндағылар бір-бірін таниды. Қазақтар осында демалуға келгенін естіген жергілікті тұрғындар оларды жолай көріп қалса «Анау жерде қазақ қызы ашқан мейрамхана бар. Соған барсаңдар болады» деп оларды бізге қарай жібереді (күліп).
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ