Шетелде тұратын қазақ диаспорасының оқушылары арасында «Ұлы Дала Елі» әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауы өтті

7 044

Қазақстан Республикасы Ақпараттық және Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» КЕАҚ, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушыларының арасында «Ұлы Дала Елі» әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық конкурсын өткізді.
Халықаралық шығармашылық байқауға шығармашылық жұмыстар 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 мамырға дейін қабылданды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап 10 маусымға дейін қазылар алқасы келіп түскен жұмыстарды сараптап, қорытынды шығарды.
Шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушылары арасында өткен «Ұлы Дала Елі» атты әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауына қатысқан балалардың І жас тобы бойынша байқауға 19 жұмыс, ІІ жас тобы бойынша 15 жұмыс қабылданды. Байқауға қабылданған барлық 34 жұмысты комиссия мүшелері сараптап, 10 балдық жүйемен бағалады. Комиссия ең басты критерий ретінде жұмыстың тақырыбына және негізгі идеясына сәйкестігі, тақырыптың толық ашылуы және ойдың берілу тәсілі сияқты критерийлерге сүйене отырып, жұмыстарды сараптап шықты.
«Жалпы жұмыстардың барлығы да тақырыпқа сай жазылған, балалар негізгі идеяны ашуға тырысқан. Алайда жұмыстардың көпшілігінде тақырып толықтай ашылмай қалған. Оның басты себептерінің бірі – кейбір жұмыстардың тым қысқа болуы, енді біреулерінің тек баяндау мен сипаттауға ғана құрулуы немесе құрғақ фактілерді тізіп шығу (мәселен, еліміздің тарихына байланысты, т.с.с.). Дегенмен, эссеге қойылатын талаптардың барлығын сақтай отырып, өзіндік ой-тұжырымдарын ерекше тәсілмен бере білген оқушылар да бар. Әсіресе, І жас тобында (13-15 жас аралығындағы балалар) Солтанов Райхат, Асылбашева Камиля, Байтулла Батанұлы, Сулейменов Масалим сияқты жас таланттардың, сол сияқты ІІ жас тобында (16-18 жас аралығындағы оқушылар) Еркінбек Ақтоты, Аменова Алима, Бектұр Абдулхаким, Хасти Абдоләзиз сынды жеткіншектердің еңбектерін ерекше атап өткіміз келеді, — дейді қазылар алқасының мүшесі Айнұр Амангелдіқызы.
Сараптама комиссиясының шешімі бойынша байқауға қатысқан 13-15 жас аралығындағы балалардың еңбектері бөлек, 16-18 жас аралығын қамтитын жеткіншектердің еңбектері бөлек бағаланып, төмендегідей орындар белгіленді:
І жас тобы 13-15 жас аралығы бойынша:
1-орын. Солтанов Райхат
2-орын. Асылбашева Камиля
3-орын. Байтулла Батанұлы
4-орын. Сулейменов Масалим
ІІ жас тобы 16-18 жас аралығы бойынша:
1-орын. Еркінбек Ақтоты
2-орын. Хасти Абдоләзиз
3-орын. Аменова Алима
4-орын. Бектұр Абдулхаким
Жеңіске жеткен 8 қатысушыдан 4 үздік жұмыс авторлары Солтанов Райхат (Ресей), Асылбашева Камиля (Швеция), Еркінбек Ақтоты (Моңғолия), Хасти Абдоләзиз (Иран) Атамекені Қазақстан Республикасына жолдама жеңіп алды.
Қазылар алқасының мүшелігінде жұмыс атқарған С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушылары филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Айнұр Амангелдіқызына, филология ғылымдарының кандидаты Булат Кабиденович Аяпбергеновке, филология ғылымдарының кандидаты Кукенова Гульжихан Ануарбековнаға алғыс білдіреміз.
Топ жарған жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтаймыз!

Нұрымжан Жұмағазиев, 

«Отандастар Қоры» КЕАҚ
Мәдени-гуманитарлық жобалар департаменті қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.