Мемлекеттің мықтылығы шекаралық аймақтардан көрінеді. Ондай аймақтарда тұратын халықтың көп болуы саяси-экономикалық тұрғыдан тиімді құбылыс. Ал шекаралық аймақтарда халықтың тығыз қоныстануы үшін не керек? Әрине, ол жерде тұратын халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында жұмыссыздық көбейіп, ауыл халқының жаппай қалаға көшуі белең алды. Тіпті, экономикамыз біршама тұрақтанды деген жағдайдың өзінде ауылдан қалаға үдере көшу тоқтай қойған жоқ. Неге? Демек, ондағы тұрғындар үшін өмір сүруге әлі күнде жөндеп жағдай жасалмады деген сөз.
Шекаралық аймақтар босап қалса, ол елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор екенін естен шығармауға тиіспіз. Бізбен көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан секілді елдерде бұл мәселеге баса мән беріп, шекаралық аудандарында қалалар салып жатыр немесе өздерінің шекаралық аймақтарындағы халқына экономикалық жағынан қолдау көрсетіп, халықтың тұрақтануына, оларды жұмыспен қамтуға күш салып жатыр. Қытай мемлекеті Қазақстанмен шекаралас жерлеріне халықты топтастырып жатыр. Мәселен, 2009 жылы Цзинхэ – Құлжа – Қорғас теміржолы салса, Қорғас шекара өткелі аймағында Шыңжаң өндірістік-құрылыс ғимаратының бөліктері тұрғын үй инфрақұрылымы бой көтерді. 2014 жылғы 26 маусымда Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің жарлығымен Қорғас уезінің батыс бөлігі Қорғас жеке қалалық уезіне айналдырылды. Солайша шығыстағы алып көршіміз бізбен шекаралас аймақта халықты көбейтіп, оған жағдай жасап жатыр. Бұл бір ғана мысал.
Ал солтүстіктегі Ресей елі де Қазақстанмен шекаралас аймақтарындағы халықты тұрақтандыру үшін ондағы тұрғындарға жағдай жасап, көмек көрсету арқылы жемісті нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мәселен, соңғы жылдары олардың бізбен шекаралас аудандарындағы халықтың өсуі (көбеюі) екі-үш есеге өскендегі туралы ақпараттар бар. Сондай-ақ олар Қиыр Шығыстағы Қытай мемлекетімен шекаралас аймақтарда да халық санын көбейтуге қол жеткізген.
Оңтүстіктегі өзбек елінің де Қазақстанмен шекарадағы халқы бізге қарағанда жиі қоныстанған. Мұны біздің Түркістан облысының Сарыағаш ауданымен шекаралас жердегі Өзбекстан халқының орналасуы мен санына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Сарыағаштан шекараға өтуден-ақ өзбек елінің Ташкент облысына бірден кіресің, халық тығыз. Тіпті, өзбек елінің астанасы да осы маңға таяқ тастам жерде тұр. Біздің тек Өзбекстандағы қарақалпақ елімен шектесетін тұста ғана халық сирек қоныстанған. Себебі шекараның арғы жағы да, бергі жағы да шөлейтті дала.
Ал қырғыз еліне келетін болсақ, Жамбыл облысымен шекаралас аймақта Қырғыз Республикасының халқы тығыз қоныстанған деуге болады. Алматы – Шымкент трассасының бойымен бара жатқанда қырғыз елінің астанасы Бішкектің өзі таяқ тастам жерде тұрғандай әсер береді.
Жалпы, түбі туыс өзбек, қырғыз елдерімен шекарада анау айтқандай үлкен проблемалар жоқ, дегенмен ол елдермен шекаралық аймақтарда да шашылып жатқан халықтың етек-жеңін жинап, шекараға тау жерлерде заманауи, халықты жұмыспен қамти алатын шағын моноқалалар салып қойғанның артығы жоқ.
Бізде қазіргі кездегі басты назар аударатын шекаралық аймақ − Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары болып отыр. Солтүстік Қазақстанда қазақтардың үлесі аз, оның бұл аймақтарда ауылдар қаңырап бос қалып, аудандардағы халық саны азайған. Ал Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның Ресей, Қытай және Моңғолия елдерімен шекаралас солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқандықтан ол жерлерді күшейту елдің қауіпсіздігі үшін маңызы үлкен.
Шығыс Қазақстанда Қатонқарағай, Күршім деген табиғаты керемет аудандар бар. Туризмді дамытуға аса қолайлы. Бірақ бұл жаққа туристерді тартуға жасалып жатқан шаралар көзге түспейді. Егер соны жасар болса ол жердегі халыққа жұмыс табылып, тұрғындардың сыртқа қоныс аударуы тоқтап, сол жердегі елдің өсімі көбейер еді ғой. Кейінгі жылдарда бұл аймақтардағы халық сиреп, жастары қалаға көшіп, ауылда тек мал ұстайтын жасы ұлғайған кісілер ғана қалғаны айтылып жатыр. Соның кесірінен мектептер жабылып, ауылдар таратылуда. Бұл шекаралық аймақтардың халықсыз қалуына әкеліп соқтырмаса не қылсын? Бұған не себеп? Анау бір жылдары шекаралық аудандарды біріктіру үдерістері жүргізіліп, аудан орталықтары басқа жерге көшкеннен кейін, мемлекеттік мекемелер жабылып, сонымен күн көріп отырған халық жұмыссыз қалған. Оның үстіне шалғай аудандарда өндіріс және өнеркәсіп орындары жоқтың қасы.
Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, Шығыс Қазақстан облысында 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып кеткен, яғни олар халық тұратын аймақ ретінде өмір сүруін тоқтатты деген сөз. Соның кесірінен 20-дан астам мектеп жабылды. Ал 2012 жылғы деректе (15 жыл ішінде) Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан (бұлардың барлығы Қазақстанның шекаралық аймақтары) 90 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Одан кейінгі сегіз жылдың ішінде 49 мектеп жабылған. Жалпы, 2009 жылы 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Мұның бәрі шекаралық аймақтардағы халықтың ішкеріге қарай көшіп, көптеген ауылдың жойылып кеткенінің көрінісі…
Мектеп мәселесі сөз болып жатқанда айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын Алматы қаласының Алатау ауданындағы бір мектепте қыркүйек айында мектеп есігін енді ашқан шәкірттердің көп болғаны себепті «р» сыныбы, ал Наурызбай ауданындағы Қалқаман поселкесіндегі бір мектепте «ю» сыныбы ашылғаны жайында баспасөзде ақпараттар жарияланып жатты. Шындығында бұл қала халқының табиғи өсімі емес, қалаға сырттан көшіп келушілердің көптігінің және қалада бос жер болса зәулім үйлерді есепсіз тұрғыза беретіндіктің айғағы ғана.
Қазақстан негізінен аграрлы ел. Ұлан-байтақ далада егін егетін, мал бағатын жерлер көп. Бірақ ана бір жылдары тұрғылықты халықтың ауыл маңындағы мал жайып, егіншілікпен шұғылданатын жерлердің бәрін жекеменшікке берудің салдарынан ондағы ел жеке малдарын бағатын жер таппай тығырыққа тірелді. Бұл елімізді аграрлық жақтан дамытуға үлкен кесірін тигізген жағдай болды. Мемлекет қайткенде де ауыл халқының жағдайын жасайтын шаралар жасағаны жөн.
Шекаралық аймақтардың экономикасын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны жасырын нәрсе емес. Әйтпесе, ауыл халқының жағдайының қалай қиындап кеткенін жоғарыдағылар көрмей-білмей отыр деуге ауыз бармайды. Кеңестік кезеңде еліміз халқының көпшілігі ауылда тұрғаны мәлім. Себебі онда жұмыс бар еді, халық еңбек етіп нәпақасын тауып отыруға жағдай жасалған еді. Енді келіп мынадай экономика күнде құбылып тұрған заманда ауыл халқына «өз күніңді өзің көр» деуге бола ма?
Жерді сақтау керек болса, ауылды сақтау керек. Ондағы халықта таза ауызсумен, жұмыспен, интернет және ұялы байланыспен толық қамтамасыз ету қажет, әйтпесе әлемдегі «тоғызыншы территорияңды» қалай қорғайсың? Шекара маңы халықсыз болса, шекараның қауіпсіздігіне кім кепіл бере алады? Сондықтан шекаралық аудандарды барынша күшейту үшін ол жерге халықты тығыз қоныстандырудың жолын таппасақ болмайды. Шекаралық аймақтардағы халық бай тұруы үшін барлық шараларды қабылдау керек. Жұмысы бар, жағдайы жақсы халық басқа жаққа көше ме?
Бүгінгі күндегі аса өзекті мәселенің бірі – еліміздің барлық аймағын мемлекеттік ақпарат саясатына сәйкес радио-телевидениемен, ұялы байланыспен, интернет жүйесімен толық қамтамасыз ету. Онсыз болмайды. Мәселен, шығыстағы шекаралық аудандарға барсаң Қытайдың, солтүстікке барсаң Ресейдің, оңтүстікке барсаң қырғыз бен өзбектің ұялы байланыстары сигналы біздің жерімізге толық өтіп тұр. Мұны қалай түсінуге болады?
Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданының үстінен өтетін Алматы – Шымкент трассасында бара жатсаң ұялы телефоныңа «Добро пожаловать в Киргизстан» деген хабарлама келіп, сол елдің ұялы байланысына қосылуға ұсыныс жасап тұрады. Мен өз елімде жүріп басқа елдің аймағына кіріп кеткендей сезімде боламын. Бұны шектеу керек. Еліміздің шекарасынан өзге елдің байланыс сигналдары өтпеуі керек!
Ұзын сөздің қысқасы, тәуелсіздігіміз баянды, еліміздің іргесі берік болсын десек, Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы халықтың көбеюіне барынша күш салуымыз керек. Ол үшін шекаралық аудандардың, ауылдардың халқының экономикасын барынша көтеріп, оларға ерекше мәртебе беру қажет. Бізге мегаполистердің көбеюі емес, шекарамыздың мықты болғаны маңызды.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ