Шекара беріктігі – тәуелсіздік кепілі

1 219

Мемлекеттің егемендігін айқындайтын бірден-бір белгі – ол шекара. Елбасы азаттықтың ақ таңы атқан алғашқы сәттен бастап шекараны шегендеуге шындап кірісті. Президент 1992 жылғы 18 тамызда ең алдымен «Қазақстан Республикасының Шекаралық әскерлерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құнды құжат ежелден еркіндік аңсаған Ұлы Дала елінің даңқын арттырып, қорғаныс қабілетіміздің нығаюына жол ашты. Осылайша сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет шекарамызды толықққанды белгілеп алдық.
Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақстан шекарасының бүгінде халықаралық саясат сахнасында алар орны биік. Ал, еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын, тыныштығы мен тұрақтылығын қас қақпай күзетіп жүрген шекарашылардың еңбегі әркез ерен.
Осы орайда, шекарашылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Меркі ауданындағы «Аспара» және «Сыпатай батыр» шекара заставаларында болып, сайыпқыран сардарлар мен сарбаздардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

«Аспарадағы» шекарашылар «ұстаханасы»

ҰҚК шекара қызметі 2035 әскери бөлімінің «Аспара» шекара заставасы 2012 жылы құрылған. Бүгінде мұнда сарбаздарға барлық қолайлы жағдай жасалып, әскери бөлім заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қырғызстанмен шекаралас аймақты күзететін заставаға жалынды жас Қуандық Қадырбаев басшылық етеді. Небәрі 25 жастағы жігіт бізге шекара қызметінің қиын да, жауапкершілігі жоғары жұмысын жан-жақты баян етті.
– «Аспара» шекара заставасының да өзге әскери бөлімдер сияқты өзіне тән ерекшеліктері бар. Олай дейтінім, бізге жас шақырылымның сарбаздары жолданып, оларды алты айлық дайындық курсынан өткіземіз. Яғни, шекара қызметінің әліппесін үйретеміз десек те болады. Мұнда жас сарбаздарға бір ай теориялық сабақтар өтсе, одан кейін қолдарына қару ұстатып, шекара шебіне шығарамыз. Одан бөлек, застава аумағындағы Аспара, Аққайнар және Ақермен елді мекендеріне рейдтік шаралар ұйымдастырып, жауынгерлерді тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға машықтандырамыз. Шекара қызметінде бұл амалдың алар орны ерек. Себебі, көп жағдайда осы тұрғындар мемлекеттік шекараны бұзушы туралы бізге ақпарат береді. Сол себепті, біз ауыл халқымен әркез қарым-қатынаста отырамыз. Егер мемлекеттік шекарадан заңсыз өтпекші болған факті бойынша дабыл қағылатын болса, арнайы жасақ ол маңға 10 минутта жетеді. Негізі, шекараға 25 шақырым жерде жүрген кез келген азамат өзімен бірге жеке куәлігін немесе төлқұжатын алып жүруге тиіс. Бірақ, көп жағдайда тұрғындар осы талапты орындамайды. Содан барып, біздің жұмысымызға кері әсерін тигізеді. Тіпті, шекара аумағындағы өзен-көлдерден балық аулайтын болса да, олар бізді хабардар етуі керек. Әйтпесе, ол да шекара тәртібін бұзу болып есептеледі.
Шүкір, басшылық қызметке келген 2 айдың ішінде, шекара шебінде аса ауыр заңбұзушылық фактісі тіркелген жоқ. Десе де, біз арқаны кеңге салмай, күн-түн демей қызметімізді қырағы атқарудамыз, – дейді шекара заставасының басшысы.
Қуандық Бауыржанұлы бізбен бірге заставаны аралау барысында мұндағы сарбаздар мен техникалардың саны туралы мәліметтің құпия болып саналатынын ескертті. Дегенмен, шекара заставасында Отан қорғауға қажетті дүниенің бәрі бар. Сарбаздар қару-жарақтан бөлек, түнгі көру құралдары, жол талғамайтын көліктермен қамтылған. Сондай-ақ, із кесетін иісшіл иттер мұнда арнайы үйретіледі. Төрт аяқты мақұлықты үйретуші Ахмет Жаңабайұлының Түркістан облысы, Түлкібас ауданынан әскери бөлімге келіп, азаматтық борышын өтеп жатқанына 4 ай болыпты.
– Күнделікті қызметім таңсәріден, күн батқанша жүреді. Сондай-ақ, түнгі ауысымдық күзет жұмыстары да міндетімізге кіреді. Заставада Зена, Лесси, Орри есімді үш ит бар болса, соның әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасап, із кесуге үйретеміз. Шекара күзетуге малинуа тұқымдас иттер өте қолайлы. Сондай-ақ, неміс овчаркаларының шапшаңдығы сүйсінтеді. Қазір заставада осы тұқымдас иттерді күшік кезінен баулудамыз. Оларға қажетті питомник те заманауи үлгіде жасалған. Және иттердің тамақтануы жіті назарға алынған, – дейді қатардағы жауынгер.
Мұнда сарбаздар қызметтен тыс уақыттарында физикалық шынығумен айналысады. Ол үшін заставадағы спорт кешенінің есігі әркез ашық. Одан бөлек, мерзімді әскери қызметкерлер казармада жататын болса, келісімшартпен келген сарбаздарға 60 орындық жатақхана қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, жауынгерлерге асханада үш мезгіл тамақ берілсе, жақындарына хат жолдау үшін пошта қызметі де жолға қойылған.
Тағы бір айта кетерлігі, застава мамандары жақын маңдағы ауылдардың мектеп оқушыларына шекара тынысын таныстырып, «ашық есік» күндерін де өткізеді екен.
Міне, біз шекара заставасында болған бірнеше сағаттың ішінде осындай жауапкершілік жүгі жоғары жұмыстар мен әскери қызметшілердің қырағы қызметін көріп қуандық. Ал, застава сыртында қазылған окоптарды аралау барысында жауынгерлеріміздің қандай әскери қимылға болсын сақадай сай екеніне толықтай көзіміз жетті.

«Қызыл нүктедегі» қырағы сақшылар

Ал, «Сыпатай батыр» шекара заставасының жұмысы тым бөлек. Мұнда «Аспара» шекара заставасы сынды әскери бөлімде шеберліктерін шыңдаған сарбаздар жолданады. Себебі, «Сыпатай батыр» заставасы Қырғызстанмен шекаралас аумақтағы «қызыл нүктеде» орналасқан. Застава басшысы Әділет Бектенбаевтың айтуынша, олардың қызметі тіпті қауырт екен.
– «Сыпатай батыр» шекара заставасы Қырғызстан мемлекетінің ауылдарына жақын маңда орналасқандықтан, бұл аймақта мемлекеттік шекара тәртібін бұзушылар жиі кездеседі. Жыл басынан бері шекара шебінен заңсыз өтпекші болған 20-дан аса адам ұсталды. Олардың ішінде ең негізгілеріне тоқталсам, артықтық етпес. Мысалы, наурыз айында 2 пәкістандық азамат қолға түссе, 12 жылқыны айдап өтпекші болған барымташылар да құрықталды. Сондай-ақ, осы айдың басында есірткі затын шекара сызығынан қарсы бетке лақтырған тағы бір топ заң бұзушылар қамаққа алынды. Азаматтық борышын адал атқарып жүрген шекарашылардың еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Осыдан екі жұма бұрын Кеңес Алдиярұлы және Ақниет Шалқар есімді екі сарбазымыз «Оңтүстік» Өңірлік басқармасының бастығы атынан Алғыс хатпен марапатталды. Аталмыш сарбаздар шілде айында шекарадан заңсыз өту үшін 10 000 теңге пара берген Қырғызстан азаматын құрықтап, Отан алдындағы борышына адалдық танытқандықтан осындай құрметке ие болып отыр. Бұдан бөлек, 31 маусымнан 1 тамызға қараған түні, екі жауынгеріміз Бішкек-Луговой бағытында келе жатқан жүк пойызының ішінен мемлекеттік шекараны бұзушыны дене ыстығына қарай анықтайтын құрал арқылы байқап, қызметтегі қырағылығымен көзге түсті. Аталмыш Қырғызстан азаматын Меркі теміржол бекетінде қолға түсіріп, құзырлы органдарға тапсырдық. Негізі, шекарадан бірінші рет заңсыз өтпекші болған азаматтардың жеке басын анықтағаннан кейін біз оларды Қазақстанға 5 жылға дейін кіру құқығынан айырып, еліне кері қайтарамыз. Ал, мұндай заңбұзушылыққа екінші мәрте барса, онда ол сотталады. Мен шекара заставасының басшылық қызметіне келген 8 айдың ішінде осындай 4 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді Әділет Бектенбайұлы.
Иә, «Сыпатай батыр» шекара заставасының қолайсыз жерде орналасқанына өзіміз де көз жеткіздік. Әскери бөлімді Андас батыр, Арал, Қызыл қышлақ және Қостаған ауылдары қоршап тұрса, екі мемлекеттің де тұрғын үйлері шекара сызығына тым жақын орналасқан. Сондай-ақ, бір ғана Андас батыр ауылында онға жуық өзге ұлт өкілдерінің тұрып жатқаны да шекара қызметінің жұмысын айтарлықтай қиындатуда. Әділет Бектенбайұлының айтуынша, ол заставаға жаңадан келген сарбазды күнделікті тұрмыста киетін киіммен мемлекеттік шекараны бұзушы ретінде тұрғындардың арасына жібереді екен. Іле-шала әлгі заң бұзушының артынан застава басшысының өзі іздеп барады. Алайда, ең сорақысы, көп жағдайда шекарадан заңсыз өтпекші болған азаматқа жол көрсеткен тұрғындар оны «көрмедік» деп қорғайтын көрінеді.
– Шындығы керек, осындай тұрғындардың тірлігіне таңғаламын. Өзінің туған мекенінде, Отанында шекара бұзушының жүргенін көріп, қалай ғана бізге хабар бермейді. Әлгі жол көрсеткіш азаматтарды анықтағаннан кейін «Егер осы заң бұзушы ертең ауылдарыңызға, отбасыларыңызға бір қиянат жасаса қайтесіздер?» деп барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізудемін. Мұндай шаралар жуырда өз жемісін беріп, шынымен де жол сұрай келген мемлекеттік шекараны бұзушыны қолға түсірдік, – дейді застава басшысы.
Расында да бұл, өте тиімді тәсіл екен. Шекарадан заңсыз өтуге әрекет еткендер түрлі қулыққа барып жатқанда, застава мамандарының да қарсы айла-шарғы қолданғандары құп көрерлік қадам.
Осындай қырағы жұмыстарының арқасында «Сыпатай батыр» шекара заставасы Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары арасында биылғы жартыжылдықта «Ең үздік шекара заставасы» атағына ие болған. Сондай-ақ, застава басшысы Әділет Бектенбаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының атынан арнайы марапатталып, ерлік танытқан сарбаздардың шендері өскен. Және бірқатар жауынгерлер 10 күндік демалысқа туған мекендеріне барып қайтыпты.
Шекара заставасының тынысымен танысу барысында бізге 23 маусым күні қолға түскен мемлекеттік шекара тәртібін бұзушымен де тілдесудің сәті түсті. Қырғыз Республикасының азаматы Азизолла Кишкенбаев мас күйінде мемлекеттік шекара сызығынан заңсыз өтпекші болған екен. Алайда, бұл әрекеті жүзеге аспаған ол бір ай Тараз қаласында қамауда болса, енді сот шешімін күтіп жатыр. Бұл оның бірінші мәрте мемлекеттік шекара тәртібін бұзу фактісі болғандықтан, ол сот шешімімен 5 жылға дейін Қазақстан Республикасына қайта кіру құқығынан айырылатын болады.
– Бұл заңсыз әрекетіме қазір қатты өкініп отырмын. Қырғызстан мемлекетіндегі Ош облысында жанұям тұрып жатыр. Соларды көп ойлаймын. Енді мұндай қадамға бармауға уәде етемін, – дейді шекара бұзушы.
Қырғыз азаматының бұлайша өкінуі жүрегімізді жібіткендей болған. Алайда, застава басшысы Әділет Бектенбайұлының айтуынша, «мас болып қалдым», «адасып кеттім», «малымды іздеп жүр едім» деген сынды сылтаулар айту шекара бұзушылардың әккі әдеті екен.

Қулыққа басып, қаздарды алып өтпек болған

Заставаның ішкі құрылымымен танысқаннан кейін мемлекеттік шекара аумағын бетке алдық. Арнайы сым темірмен қоршалған шекара сызығында үш мұнара орналасқан. Әр мұнара басында бір-бір жауынгер қашықтықтан бақылау құрылғысы арқылы төңіректі тегіс шолып тұр. Мұздай қаруланған сарбаздар тыным таппайды. Ал, қоршаудың арғы бетіндегі небәрі 100 метр жерде орналасқан қырғыз ауылдарын көріп, бойымызды қорқыныш биледі. Өйткені, іргелес аумақты айыр қалпақты ағайындардың сарбаздары мүлде күзетпейді екен. «Жаман айтпай жақсы жоқ», егер ертең сол ауылдардың бірінен бізге қарай қарулы қылмыскерлер бет алатын болса, көршілес мемлекет тарапынан тосқауыл қойылмайтыны сөзсіз. Бұның себебін застава басшысынан сұрағанымызда, ол көптеген қызық пен шыжықтың бетін ашты.
– Негізі, Қырғызстан мемлекеті шекарасының аз бөлігін ғана қорғайтын елдердің бірі. Себебі, бір қиырын өзбектер мықтап қымтап алса, тағы бір бөлігінде Қытай әскері қырағы күзет жүргізуде. Оңтүстік жақта Қазақстанның шекарашылары өз қызметін мүлтіксіз атқаруда. Міне, осындай жағдайдан кейін олардың шекарашыларын көп көрмейміз. Рас, бірді-екілі жауынгерлер кей кездері жүреді. Бірақ, мұнара орнатып, күндіз-түні күзету оларда жоқ. Соның салдарынан біздің аумақтан заңсыз өтуге немесе контрабандалық тауарлар тасуға әрекет етушілер өте көп. Бір жолы шекара қоршауының маңына оншақты қойдың жақындап қалғанын көріп, сарбаздарымыз дабыл белгісімен аттанды. Сол сәтте шекараның өзге бөлігіндегі қоршауды бұзған барымташылар бізге қарай жылқы айдап өтті. Екі жерден бірдей дабыл қағылғаннан кейін, арнайы жасақты тұрғызып, заң бұзушыларға төтесінен шығып, тап бердік. Сарбаздарымның физикалық тұрғыдан мықтылығы соншалық, қылмыскерлерді ат үстінен қағып түсіріп, құрықтады. Міне, осылайша әртүрлі әдіспен жымысқы ойын жүзеге асырушылар да кезігіп жатады.
Тағы бір қызықты жайт, бірде шекара қоршауынан елімізге қарай 300-ге жуық қаздың бірінің артынан бірі ілесіп өтіп бара жатқанын байқап қалдық. Құстардың бұл әрекетіне түсінбей артынан ізге түстік. Сөйтсек, Жамбыл облысына бір аталық қазды алып өткен қырғыз азаматы құстың мойнын қылғындырып, шырқырата шыңғыртып жатыр екен. Мұны естіген ұрғашылары жапатармағай «көмек» беруге асыққан. Қарап тұрсаң, қып-қызыл контрабанда. Адамнан айла артылған ба? Осыдан кейін-ақ, заң бұзушылардан бәрін күтуге болатынын аңғару қиын емес, – дейді застава басшысы.
Иә, бұл шын мәнінде таңғаларлық жағдай. Осыған орай, «Сыпатай батыр» шекара заставасына биыл кеудеге тағатын арнайы бейнекамералар берілуде. Бұл құрылғылар жауынгерлердің күнделікті қызметінен бастап, заң бұзушыларды құрықтағанға дейінгі шараларды таспаға жазатын болады. Бұл қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз ету үшін қолға алынған қажетті шаралардың бірі екендігі даусыз.
Міне, біз екі шекара заставасында болған бір күнімізде Отан қорғаушыларымыздың қырағы жұмысына куә болып, тірліктеріне таңдай қақтық. Лайым, айбынды әскеріміздің әлеуеті арта берсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, тәуелсіздігіміз тұрақты болсын!

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.