Шаруасы шалқыған Шу өңірі Шырайлы Шу өңірі – өндірісті өркендетуге, шаруашылықты шалқытуға өте қолайлы аймақ. Тарихи тағылымы мол мекенде қашаннан мерекесі мен берекесі жарасқан жайсаң халық тұрады десек, бүгінде шулықтардың тіршілігі бүтін, түтіні түзу ұшуда. Тоғыз жолдың тоғысар торабындағы ауданның ахуалы сәт санап жоғарылап, экономикасы күн санап дамып келеді десек, қателеспейміз. Әлеуметтік мәселелердің күрмеуі де оңынан тарқатылып, тұрғындардың тілегі жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүйелі реформаларының нәтижесін аудан халқы анық сезініп, баянды бастамаларға белсенді түрде үн қосып атсалысуда.
Ауыз сумен қамту деңгейі артуда
Қай кезде болмасын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Мемлекет басшысы 2021 жылғы қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «…Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», – деп атап көрсеткен болатын. Су мәселесін шешу үшін Шу ауданы ауыз толтырып айтарлық істерді атқарып жатыр.
Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Оның ішінде Шу қаласы мен Төле би, Абай, Ақсу, Оразалы батыр, Алға, Бірлікүстем, Балуан Шолақ, Белбасар, Жаңа жол, Бәйдібек, Тасөткел, Бірлік, Далақайнар, Қонаев, Мойынқұм, Шоқпар және Шоқпар станциясы, Аспара, Құмөзек, Жиделі, Еспе, Ақтөбе секілді 23 ауылға орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылған. Ал Көктөбе, Сауытбек, Ақтөбе мен Жайсан сияқты төрт ауыл ауыз сумен ішінара қамтылған. Нақты айтқанда, тұрғындар көше бойына тартылған құдықтан су ішіп отыр. Ал Еңбекші, Тасөткел су қоймасы, Бөлтірік, Көкқайнар, Жиенбет, Еңбек, Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек деп аталатын 9 елді мекендерде мұндай игілік жоқ.
Шу ауданы бойынша ауыз су жүйесінің жалпы ұзындығы 540,1 шақырым болса, кәріз жүйесі – 65,7 шақырым. Ауылдық округтерде су құбырларының ұзындығы 370,8 шақырым болса, Шу қаласында 169,3 шақырымды құрайды. Бұл жүйелерге «Ауыз су-Шу» және «Теміржолсу» ЖШС қызмет көрсетеді.
Бүгінгі күнге аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 85 пайызды құрап отыр. Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үлесін арттыру мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, өткен жылы Көктөбе, Ақтөбе, Еңбекші, Сауытбек, Көкқайнар және Шу қаласының Қант зауыты секілді алты ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары басталған болатын.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Еңбек, Жиенбет, Жайсан және Тасөткел су қоймасы қатарлы 4 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілген. Бұдан бөлек, Шу қаласының «Горгаз», «Жайсан», «Жанқұлиев» тұрғын алқаптарына және Бөлтірік пен Шоқпар ауылдарына ауыз су жүйелерін салуға қаражат қарастырылып, жобалау-сметалық құжаттар жасау жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыз су-Шу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында Төле би ауылының кәріз жүйесіне ауыз сумен қамтамасыз ету және ағызылған судың құны (тарифі) мемлекеттік мекемелерге – 1 текше метр үшін 144,93 теңге, кәріз суының текше метрі 336,60 теңге, заңды тұлғаларға – 128,38 теңге, кәріз 336,60 теңге, жеке тұлғаларға – 53,49 теңге болса, кәріз суына 48,60 теңге бекітілген. «Теміржол су-Шу» ЖШС-нің Шу қаласының кәріз жүйесіне және ауыз сумен қамтамасыз ету үшін суды ағызу құны (тарифі) мемлекеттік мекемелер үшін – 1 текше метр су үшін 327,23 теңге, кәріз 112,96 теңге, заңды тұлғаларға суға – 306,6 теңге, кәрізге 110,16 теңге, жеке тұлғаларға суға – 28,18 теңге, кәрізге 17,50 теңге болып отыр.
Сонымен қатар Алға ауылдық округіне қарасты Сауытбек ауылындағы кәріз желісін тартуға мердігер компания анықталған болатын. Тиісті бөлім мен «Жаңғыру» ЖШС-мен жасалған келісімшарт құны – 169 631,8 мың теңге. Оның ішінде 2022 жылға 39,477 мың теңге болса, 2023 жылға 130,1 миллион теңге бөлінген. Су құбырының ұзындығы 5,7 шақырымды құрап, елді мекенішілік ауыз су желілері мен тұрғын үйлерге жеткізу желілері толығымен салынды. Сондай-ақ көлемі 100 текше метр су алу нысанының (су тарту нысаны) екі су қоймасы құйылды. Одан бөлек, сорғы станциясы және бақылау-өткізу пункті (өткізу пункті) соғылды. Бұған қоса Шу қаласындағы «Жанқұлиев» тұрғын аумағы, «Жайсан» және «Горгаз» ықшамаудандарына ауыз су жүйелерін салуға жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудандық бюжеттен қаражат қарастыруға ұсыныс беріледі. 2024-2025 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе Алайғыр, Құлақшын, Көкжиек, Бөлтірік елді мекендерінде суды тазартуға арналған біріктірілген блок-модулін орнату жоспарланып отыр. Ал шалғай орналасқан және тұрғын саны аз Құлақшын, Алайғыр және Көкжиек қатарлы үш ауылға суды тазарту қондырғыларын орнату жоспарлануда. Осы бағытта бағалық ұсынымдар алынып, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілген. Осы жоғарыда аталған жұмыстар орындалған жағдайда Шу ауданының елді мекендері мен Шу қаласы толығымен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Көгілдір отын – көптің игілігі
Бүгінгі таңда аудандағы 35 елді мекеннің Шу қаласы, Жаңа жол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек, Жайсан, Тасөткел с.қ., Абай, Оразалы батыр, Ақсу сынды 17 ауылға газ тартылып, табиғи отынмен қамтылған елді мекендер көрсеткіші 66,2 пайызды құрап отыр.
Айталық, өткен жылы 6 елді мекенге магистральды газ құбыры тартылса, Аспара, Ақтөбе, Тасөткел қатарлы 3 ауылдың ішкі газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет қатарлы 3 елді мекеннің ішкі газ құбырлары жүргізілуде. Нәтижесінде, қамтылу көрсеткіші 71,7 пайызды құрайтын болады. Ал Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекеті қатарлы ауылдарда магистральды газ құбырын тарту жұмыстары ағымдағы жылға жоспарлануда. Тағы бір айта кетерлігі Жиделі, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Көкжиек Құмөзек сынды 6 елді мекен халық саны аз және магистральды газ құбырын жүргізу тиімсіз болуына орай газдандырылмайды екен.
Былтыр Сауытбек ауылының Алға орта мектебі мен Төле би ауылының Бекмаханов, М.Әуезов, М.Мақатаев атындағы орта мектебі, «Айналайын» балабақшасы және Қонаев ауылының Төле би мектептерінің табиғи газға ауыстыру құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жылыту қазандықтары іске қосылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандарды табиғи газға қосу бойынша осы жылы 13 нысан табиғи газға қосылмақ.
Сонымен қатар аудан аумағына қарасты елді мекендердегі тұрғындарды табиғи газбен толықтай қамтамасыз ету үшін облыстық энергетика басқармасының тарапынан Д.Қонаев ауылының қасында «Шу» АГТС-ның құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын қаржыландыру үшін облыстық энергетика басқармасы тарапынан ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылып, биыл тиісті қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсына сәйкес, «StroyGazCompany» ЖШС анықталған болатын. Бұл жоба іске асқан кезде 30 елді мекендегі 101 084 адам табиғи газбен толықтай қамтамасыз етілмек.
Жолдардың сапасы – басты назарда
Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны қандай жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, Шу ауданындағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірегейі автокөлік жолдарының жағдайы болатын.
Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 840,72 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 2 жолдың ұзындығы – 118 шақырым, облыстық маңызы бар 3 жолдың ұзындығы – 108 шақырым, аудандық маңызы бар 17 жолдың ұзындығы 71,72 шақырымды құраса, ішкі көше жолдары – 543 шақырым. Аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдары Шу-Благовещенка – 47 шақырым болса, Меркі-Шу-Бурылбайтал 71 шақырымды құрайды. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдардан Төле би-Шоқпар – 61, Кемер-Бірлікүстем – 21, Төле би-Мойынқұм- Ақтөбе – 26 шақырым. Сондай-ақ 543 шақырым елді мекен көшелерінің 189 шақырымы асфальт, 93 шақырымы қиыршық тас, 260 шақырымы жай топырақ.
Ағымдағы жылы Жаңа жол ауылының кіреберіс 6,85 шақырымының аудандық мәндегі жолына, Шу қаласы мен ауылдық округтерде 20 көшенің 16,7 шақырым жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 жоба, яғни көшеішілік 25,3 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары іске асырылады. Бұдан бөлек, аудандық мәндегі 71,72 шақырым жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 10 000,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Ал аудан орталығы Төле би ауылының 29,0 шақырым ішкі көшелерін күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 9 630,0 мың теңге бөлініп отыр.
Белгілі болғандай, Шу ауданында жол мәселесін оңынан шешу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Демек, жергілікті тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалады деуге болады. Жалпы облыс бойынша бүгінде көлік жолының 60 пайызы жақсы жағдайда. Жалпы жол да тұрғын үй немесе көлік секілді күтіп ұстап, оны жөндеуді талап етеді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарынан соң облыс бойынша жолдың 95 пайызы асфальт болады деп жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылысына тың серпін
Бүгінгі күнге аудан бойынша тұрғын үй кезек тізімінде 1 912 азамат тіркелген. 2018 жылдың 14 желтоқсанында тұрғын үй комиссия отырысының №20 хаттамасы және аудан әкімдігінің №467 қаулысымен 2018 жылдың 16 желтоқсанында Шу қаласы «Жетісу» мөлтекауданындағы №4 бес қабатты 75 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерлер пайдалануға берілді. Пәтерлерді жетім балалар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге берілген.
Ал 2019 жылы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 9 пәтер сатып алынды. 2019 жылдың 14 қарашасында тұрғын үй комиссия отырысының №18 хаттамасы және аудан әкімдігінің 13 желтоқсандағы №562 қаулысымен 8 көпбалалы отбасыға жеке тұрғын үй берілді. Ал көпбалалы отбасыларға сатып алынған үйлердің қаражатынан үнемделген қаражат есебінен 1 тұрғын үй сатып алынып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметтік хатымен және Тұрғын үй комиссиясы отырысының 18-1 хаттамасымен Төле би ауылы мешітінің бас имамына берілді.
2019 жылы Шу қаласы Сейфуллин көшесі №24 мекенжайындағы бұрынғы №24 орта кәсіптік-техникалық училище ғимараты қалпына келтіріліп, 94 пәтерлі жатақханаға айналдырылды. Баспаналар кезек тізіміндегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді.
2020 жылы 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бүгінгі күнге мерзімі өтуіне байланысты құжаттарға түзету енгізілмек. Аталған жоба қолдау тапса, 240 азамат тұрғын үймен қамтылады екен. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін 75 пәтерлі 4 үй бар. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің жолдары қарастырылуда.
Жалпы ауданда 142 көппәтерлі үй бар. Осы үйлерге зерделеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде мемлекеттік бағдарлама арқылы көппәтерлі 34 үй жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, Шу қаласы бойынша жөндеу жұмыстарын қажет ететін тағы да 9 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтеді. Сонымен қатар Шу қаласы мен Төле би ауылындағы 24 тұрғын үй Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жүргізуге өтінім жолданған.
Ал «Асарлатып үй салу» жобасымен 2020 жылдан бастап 19 тұрғын үй табысталса, ағымдағы жылы 9 үйді беру жоспарланып отыр екен.
Жарықтандырудың жаңа қарқыны
Көше жарығы – әр ауылдың сәні. Дегенмен Шу ауданы және Шу қаласы бойынша, жалпы алғанда, 632 көше бар болса, оның 228-і жарықтандырылған, ал 404-іне әлі жарық орнатылмаған. Ауданның коммуналдық мекемелерінің теңгерімінде 155 қосалқы подстанция бар. Оның екеуі, яғни ПС 35 кВ-тық подстанция Шу қаласында орналасқан. Ал 153 данасы – ТП/КТП трансформаторлары аудан және қала аумағында орналасқан. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 6 409 дана электр бағаны мен 357,72 шақырым әуе желісі және көше жарығының 6 174 дана жарық шамы бар. Аудан және қала аумағындағы 357,72 шақырым әуе желілерінің басым бөлігі – көше жарығының желілері.
Ағымдағы жылы Шу ауданының Жаңа жол, Балуан Шолақ, Қонаев және Мойынқұм төрт ауылындағы 7 көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілген.
Абаттандыру жұмыстары жолға қойылған
Әрине, тіршілік болған соң тұрмыстық қатты қалдықтар кездесіп жатады. Оған дау жоқ. Жалпы аудан бойынша Шу қаласы мен 18 ауылдық елді мекендерде 22 дана полигон бар. Оның жалпы аумағы 39,4 гектарды құрайды. Бұл тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орындардың қоршаған ортаға коммуналдық рұқсаты алынған. Аудан бойынша 23 елді мекенде 22 полигон және қоқыс тастайтын орындары қызметімен қамтылған. Полигондардың қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттары бар және полигондардың жер актілері рәсімделген.
Полигондары жоқ елді мекендерді полигондары бар елді мекендерге байланыстыру мәселесі де қарастырылған. Олар Аң шаруашылығы-Төле би ауылына, Сауытбек – Алға ауылына, Аспара бекеті – Тасөткел, Шоқпар бекеті – Шоқпар, Жиенбет, Еңбек – Мойынқұм ауылындағы полигондарды пайдалана алады.
Шу қаласы мен Төле би ауылында жалпы 986 дана контейнер бар. Олар Шу қаласы мен Төле би ауылының көшелерінде және көпқабатты тұрғын үй аулаларында орналасқан. Сондай-ақ қауіпті қалдықтарды тастайтын 10 контейнер бар. Күнделікті тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы техникамен полигондарға шығарылып отырады. Бұл әсіресе Шу қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде күнделікті жүзеге асады. Ал көше бойындағы қоқыстар тұрғындардың сұранысына қарай шығарылып отырады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау және шығарумен «Ильяс» ЖК, «Шу Сервис» ЖШС және «Сулейменова» ЖК сынды 3 мекеме айналысады.
45 мыңнан астам халқы бар Шу қаласында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Ал оларды полигонға шығару қызметін «Шу Сервис» ЖШС жүзеге асырады. Полигон қаланың оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан, жалпы ауда-ны – 3 гектар. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Шу қаласы мен ауылдық округтерден шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау мен шығару қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлерді тауып, жұмыспен қамтамасыз ету және ауылдық округтерде де тұрмыстық қатты қалдықтарды полигондарға жеткізіп отыруды ұйымдастыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы биыл аудан әкімдігінің қаулысы бекітіліп, екі айлық сенбілік жарияланған екен. Нәтижесінде аудан әкімдігінің бөлімдері және ауылдық округ әкімдігі өздерінің ғимарат аумақтары мен бекітілген көшелерді, саябақтарды, скверлер мен аллеялардың аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Жалпы 8 сенбілік қосындысы бойынша тазалық жұмыстарына 15 мыңнан астам адам және 30 техника жұмылдырылып, 270 тонна күл-қоқыс шығарылған. 4 700 ағаш көшеттері отырғызылған. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген республиканың елді мекендерінде және қалаларда 2021-2025 жылдар аралығында 15 миллион дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарына сәйкес, қала мен елді мекендерге 20 мың көшет таратылған. Жамбыл Тараз газеті