Шалғайдағы ауылдарда ауызсу мәселесі шешілуде

76

Қоғам қажеттілігіне және сұранысына негізделген «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде ауылдарды таза, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі аса назарға алынған.

Мысалы, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылдық округі де шет қалмады.

Жергілікті әкімнің айтуынша, құбырларды орнату жұмыстары қыркүйек айында аяқталады.

«Жамбыл ауылын ауызсумен қамту жұмысын осы қыркүйек айының аяғында бітіру жоспарланып отыр. Ауылдағы 41 үй суға қосылмақ. Қазір осыған қажетті құралдар уақытында жеткізілсе,  жоспарды да уақтылы орындаймыз. Әзірге жұмыс қызу жүріп жатыр. Негізгі орталық магистраль құрылды. Енді су мұнарасын көтеріп, құбырды тұрғындардың үйіне тарту ғана қалады. Осы жұмыстың бәріне республикалық бюджеттен 265 миллион теңге бөлінді», –  деді Қожамжар ауылдық округінің әкімі Серік Тезекбаев.

Мыңнан аса тұрғыны бар Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округіне қарайтын Береговое ауылында да ауызсу мәселесі шешілді.

Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадағұлованың айтуынша, Береговое ауылында су құбырын салу жұмысы сәуір айында басталған. Жоспар бойынша желтоқсан айының ортасында тапсырылу керек.

«Қазір 26 метрдей ұңғыма бұрғыланды. Су табылды. Енді тазарту қондырғысын орнату керек. Бүгінде ауылдағы 83 тұтынушыға су тартылды. Жоспар бойынша 4,9 шақырымдай су құбыры төселуі керек. Біз соның 4,5 шақырымын төседік. Сөйтіп, 36 су құбыры құдығының 20-сы орнатылды. Бұл дегеніміз – жұмыстың 80 пайызы орындалды деген сөз», – деді Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадағұлова.

https://turkystan.kz/article/230725-shalgaydagy-auyldarda-auyzsu-meselesi-sheshilude/

Leave A Reply

Your email address will not be published.