Шаханда шағын футбол алаңы ашылды

226
Республика күні қарсаңында Темірбек ауылдық округіне қарасты «Шахан» ауылында  шағын футбол алаңы пайдалануға берілді.

Футбол алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков  қатысып, «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары, осы топырақтың алыс-жақындағы түлектерінің демеушілігімен қолданысқа беріліп отырған спорт алаңының ашылуымен құттықтады.

Қазақ футболы тарихында қақпаға 100 доп соққан алғашқы қазақ ойыншысы, облыстық «Тараз» командасының бас бапкері Нұркен Мәзбаев балалардың бос уақытын тиімді өткізу, жаппай спортты дамыту мақсатында ел игілігіне берілген спорт алаңы – ауыл халқының бірлігі мен ынтымағын көрсетіп отырғанын, осы ауылдан даңқты спортшылар шығатындығын жеткізді. Балаларға теңбіл доп сыйға тартты. Шахан ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырықбай Айнақұлов осы ауылдың тумасы, ақын  Қасқырбай Нарбатырдың бастамасымен қолға алынып,  үш айдың ішінде бой көтерген нысанды іске қосуға үлестерін қосқан ауылдастарына, қалталы азаматтарға алғысын білдірді.

Жарқын іске үлестерін қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы, ауылдық округ әкімінің Грамотасы табыс етілді.  Айрықша еңбек сіңіргендердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді.

Спорт алаңшасының лентасын аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, облыстық «Тараз» командасының бас бапкері Нұркен Мазбаев және ауыл қариясы Амантай Есқараев қиды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң футбол алаңшасындағы ең бірінші футбол ойыны да басталып кетті.

Ауыл жастары мен мектеп оқушыларынан жасақталған командалар арасындағы ойын тартысты өтіп, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдар табыс етілді.

Шара соңында әруақтарға құран бағышталып, көпшілікке  ас берілді.

 

Гүлшахар Әбдіқұлова, Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.