Шаһар басшысы Жалпақтөбеліктермен жүздесті

39
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Полатқосшы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Осы округке қарасты 10 500-ге жуық тұрғыны бар Жалпақтөбе ауылы шаһарға енетін 14 елді мекеннің қатарында.
Әуелі шаһар басшысы округтегі мәселелер жіті зерделенгенін баса атап өтті.
– Мұнда шешімі табылмай тұрған маңызды мәселелер баршылық. Бұған аудан басшыларымен бірлесе жүргізген зерделеу жұмыстары кезінде толығымен көз жеткізілді. Айталық, осындағы 18 көше орташа жөндеуді қажет етеді. Жоба құны – 247,6 млн. теңге. Бұл жұмыстарды біз 2026 жылға жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауылға ауыз су жүйесі жүргізілгенімен, 445 аула әлі күнге тіршілік нәрінің желісіне қосылмаған. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру арқылы осы үйлерді ауыз су жүйесіне қосу қажет. Бұдан бөлек, 50 көшеге жарық шамдары орнатылмаған. Жалпы жоба құны 760,0 млн. теңгені құрайды. Әрине, барлығын бір-ақ сәтте шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыстар кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көпшілік көкейіндегі сан сауалға нақты жауап қайтарды.
– Қазір көпшілікті «Қалаға қосылғаннан кейін жұмыссыз қалмаймыз ба, қысқартулар жүре ме?» деген түрлі ойлар мазалап жүргені жасырын емес. Әлбетте, мұндай мәселелердің көтерілуі орынды. Осы ретте ашығын айтуымыз керек, ешбір салада қысқарту болмайды. Себебі, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес бекітілген жаңа Бас жоспардың аясында шаһарда екі аудан құрылады. Тиісінше, қос ауданда екі бірдей әкімдік жасақталады. Олардың әрқайсысына елді мекендерде халықпен тығыз жұмыс істеген, сол аумақтың жағдайын жақсы білетін білікті мамандарды тартуды көздеп отырмыз.
Сондықтан ешбір маман назардан тыс қалмайды. Сол секілді білім саласында да осы оқу жылы аяқталғанша ешқандай өзгеріс орын алмайды. Ал келер оқу жылының қарсаңында сынып жинақтары қала мектептеріне заңмен белгіленген талаптарға сәйкес қайта құрылады. Алайда, бұл педагогтер мен сағат саны қысқарады деген сөз емес. Барлық қызметкер бұрынғыдай өз жұмыстарын жалғастыра береді. Дегенмен, ауыл мұғалімдеріне төленетін 25 пайыздық қосымша үстемеақы қаңтар айынан бастап берілмейді. Бұл – заңда белгіленген норма. Сондықтан бұған түсіністікпен қарайсыздар деген ойдамын, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Тұрғындар өз кезегінде елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтеріп, қаланың өркендеуі жолында бірге жұмыс істеуге даяр екендіктерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.