СЕНСАЦИЯ… БЕС ДӘННЕН, 1000 АСҚАБАҚ…

95

Меркі тұрғыны Азамат Комолов өзінің ауласында 5 дән асқабақ егіп, мыңнан аса асқабақ өнімін өсірген.
Негізінен Азамат Өзбекстаннан қоныс аударып, Қарағандыда бірнеше жыл тұрып, осы кәсіппен шынайы айналысып, ата кәсібін Меркіге келіп жалғастырғанына оншақты жылдан асып, тамыры тереңдеген меркілік атанды. Үйінің астында 200 тоннадан астам көкөніс сақтау қоймасы бар. Оған «Газель» сияқты жүк көліктері еркін кіріп шығады. Жаз бойы өсірген өнімін жеке кәсіп ашқан жары Рахима Сейдалиева орталық базарда саудаласа, артық өнімдерін өз қоймаларында сақтап, қыстай өздері де пайдаланып, меркіліктерге де саудалайды. Өткен жылдардың бірінде, желтоқсан айының ортасында сол қоймада болып, сақталып тұрған қауын-қарбызды, асқабақтың бірнеше түрін көріп, таң тамаша болғанымыз бар.
– Мына жерге, -дейді өз кәсібін жанынан артық сүйетін, еңбек десе айлап ұйқы да көрмей, күлкі де көрмей, тамақты та ішпей кетпенін қолынан тастамайтын, азаматтың азаматы Азамат Комолов бақшашы: –
– Индиский асқабақ ектім. Үнді асқабағы үлкен болмайды, сыртқы пішіні алмұрт жемісі сияқты, салмағы 1,5-3 килограмм арасында. Осы асыл тұқымды, дәмді, денсаулыққа ерекше пайдасы бар асқабақтың бес қана дәнегін ектім. Мендегі бақша өнімдерінің бәрі тамшылатып суғарылады. Міне қазір сіздер көріп тұрғандай, жапырақ жайып бес-алты сотыққа жетер-жетпес жерді алып жатыр. Ерінбей түйінін санап шықтым. Сенсеңіз де сенбесеңіз де өзіңіз білесіз, немесе көзіңізше қайта санап шығайын. Бірінші, екінші сортты деуге болатын 634 асқабақ бар. Ал жалпы түйін мыңнан асады. Әлі гүлдеп, әлі түйін салып жатыр.
Біз таң қалғанымыздан көзімізді жұмып, аузымызды аштық. Азамат тіптен жапырақтарды ашып, үндінің моп-момақан асқабақтарын көрсетті. Біздің көзімізге ол дақылдың тұрқы 30, диаметрі 10-15 сантиметрдей көрінді.
Шын мәнінде тамшылатып суарылып, бүгіндері қанат жайып тұрған асқабақтың бес түбін де көзбен көріп, қолмен ұстап шықтық.
Бұл аудан, облыс көлеміндегі Рекорд!

Leave A Reply

Your email address will not be published.