СЕНАТОР ТАРАЗДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

113
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады.
Әуелі сенатор «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» (15) шағын ауданында бой көтерген 1 200 орынды білім ордасына ат басын бұрды. Жаңа үлгідегі оқу ордасында білім алушылар мен педагогтерге жайлы жағдай жасалған. Мұнда мұғалімдерге қажет жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта бөлімдер жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен жабдықталған. Сондай-ақ ғимаратта 256 орынға арналған мәжіліс залы, 59 оқу бөлмесі, 344 орынды асхана, 2 спорт зал, 3 зертхана, 1 кітапхана, 4 шеберхана, робототехника, 10 коворкинг орталығы, STEM, графика, 2 лингафон, 2 компьютерлік және жобалау кабинеттері орналасқан. Бұдан бөлек, былтыр «Бәйтерек» (13) шағын ауданында да «Жайлы мектеп» ашылса, аталған жоба шеңберінде «Шөлдала» алқабында 600, «Ұлы дала» шағын ауданында 2 000 орынды білім ошағының құрылысы жүруде.
Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы «Ұлы дала» (15) шағын ауданындағы 110/10кВ қосалқы станциясының құрылыс жобасымен танысты. Айталық, қазргі таңда аталмыш шағын ауданда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 800 жеке тұрғын үй, 150-ден астам көпқабатты тұрғын үй және бірқатар әлеуметтк нысандар көзделген. Ал оның барлығын сенімді және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін шағын ауданда жаңа 110/10кВ қосалқы станциясын салу қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта қосалқы станцияда кернеуі 110/10кВ, қуаты 25 000 кВА үш фазалы, екі орамалы трансформаторларды орнату және ұзындығы 11,580 км КЛ 110 кВ электр беру кабельдік желісін жүргізу көзделуде.
Қазіргі таңда осы бойынша «Жылу электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы шеңберінде ҚР Қаржы, Энергетика министрліктеріне бюджеттік өтінім енгізілген.
Келесі кезекте депутат «Түйте» каналына аялдады. Қазіргі таңда «СенімҚұрылысСервис» ЖШС мердігерлігімен аталған каналды абаттандыру жұмыстары жүруде.
– Тараз қаласының ішінен бүгінде 8 канал ағып өтеді. Бізден басқа еліміздегі бірде-бір қалада мұндай кездеспейді. Сондықтан мұны табиғаттың тартуы деп қабылдап, оны тиімді пайдалануымыз қажет. Жалпы қаланы абаттандырудағы маңызды саланың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару. Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ қазынадан тиісті қаржы қаралып, қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналы механикалық тазалаудан өтті. «Түйте» каналының бойын абаттандыру – жоғарыда аталған жұмыстардың жалғасы. Осының нәтижесінде каналдың маңы жаңа кейіпке еніп, тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады деп жоспарлануда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Жалпы «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру» жобасы шеңберінде ұзындығы 1 738 метрді құрайтын каналды бетондау, 1 6050 м2 аумағына брусчатка төсеу, әртүрлі тал көшетін отырғызу, жарық шамдарын, тұрғындарға ыңғайлы орындықтарды орнату көзделген.
Сенатор жұмыс сапары барысында «Таразэнергоорталық» АҚ-на да арнайы барды. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілген еді. Осылайша, өткен жылға жоспарланған жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. Енді биыл Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі жылу құбыры ауыстырылады.
Атап айтсақ, ағымдағы жылы «М-3» жылу магистральді жүйесінде құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 12 жоба әзірленіп, сараптамадан өтті.
Бекболат Серікбекұлы өз кезегінде өңірлердегі баянды бастамалар мен жарқын жобаларға депутаттар қашанда қолдау танытуға дайын екенін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.