Сазды субұрқақ тараздықтарға қала күнінде тамаша тарту болмақ

846

Облыс орталығында саябақтар мен скверлер ғана емес, субұрқақтар да қайта жаңғыруда. Мысалы, облыстық әкімдік алдындағы әуенмен әуелеген субұрқақты көрген әулиеаталықтардың қуанышында шек жоқ.

Жобаны толықтай «Atameken-Energy» ЖШС қытайлық әріптестерінің сызбасы негізінде іске асырған. Төрт қатардан тұратын екі субұрқақтың әрқайсысында үш түтік бар. Серіктестік құрылтайшысы Есхат Мұхаммедтің айтуынша, бұл әділдігі мен алғырлығы арқылы танылған атақты үш биді білдіреді екен. Егер субұрқақ қарқынын жоғарылатса, биікке көтерілген су әуеде түйісіп, халқымыздың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құндылығымызды көрсетуге тырысқан.
– Жобаны «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жасап шықтық. Субұрқақтардың ерекшелігі, әуенмен су шашады. Ол үшін арнайы электронды бағдарлама орнаттық. Мұнда субұрқақ пен оның әуендерін басқарып отыру үшін арнайы операторлық бөлме де қарастырылған, – дейді «Atameken-Energy» ЖШС-ның құрылтайшысы Е.Мұхаммед.
Айта кетерлігі, аталмыш серіктестік «Достық» алаңындағы тағы 6 субұрқаққа жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Енді сәтін салса, қайта жаңғырған субұрқақтар тараздықтарға қала күнінде тамаша тарту болмақ.

Абзал Есіркепов

Leave A Reply

Your email address will not be published.