САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

94
31 мамыр – жаппай Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейдің қор сақтаушысы Мадина Қорғанбекованың ұйымдастыруымен аудан орталығындағы М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі мен Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі оқушыларының қатысуымен айтулы күнге орай дөңгелек үстел отырысы өтіп, «Өлкетану» тақырыбында музейге қойылған көрмеге экскурсия жасалды.
Ал дөңгелек үстел барысында музей қызметкері М.Қорғанбекова саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанның лагерьлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылып, кейбір мәліметтерге сәйкес, тұтқындардың жалпы саны бұл көрсеткіштен едәуір асып түскенін айтты.
Осы кезеңдерде ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров және басқалар қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ зиялылары, ұлттық әдебиеттің үш бәйтерегі атанған ақын-жазушылары кеңес үкіметі тұсында «Алаш ордашыл — ұлтшылдар» атанды. ХХ ғасырдың отызыншы жылдар ойранында жазықсыз, жорықсыз жазаға кез келді. Қуғын-сүргінге ұшырап, атылды. Қазақ әдебиетіндегі үш бәйтерек- Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин өмірлері қысқа, тағдырлары ауыр болғанымен шығармашылық ғұмыр баяндары ғибратты да мәнді болып табылады. Ал сол тағдырларды жас ұрпақтың санасынан өшірмей тәрбиелеу біздің міндетіміз.
Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.